Ұлағаты мол ұстаздар әулеті

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп, хакім Абай атамыз бекер айтпаса керек. Бүгінгі мақала кейіпкерлері саналы ғұмырын білім беру ісіне арнап, ата жолын жалғаған Қарғалы ауданы В.И.Пацаев атындағы орта мектебінің оқу істері бойынша директор орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдиев Қадірберген Жапақұлының еңбек жолына арналмақ. Осы орайда бұл отбасын жұрт ұстаздар әулеті деп таниды.

          Алты Алаштың басы қосылғанда төр ұстазға беріледі. Себебі, ұстаз – елдің болашағын тәрбиелеуші, білім нәрімен сусындатушы. Келешектің қандай болатынын да осы ұстаз қауымының еңбегімен өлшеуге болады. Еңбек демекші, ауданымызда ұстаздықты ұлық тұтып, ұлағатты мамандықты еншілеген әулеттер аз емес. Солардың бірі- Абдиевтер отбасы.

Қадірберген Абдиев — өз пәні бойынша жоғары санаттағы педагог- зерттеуші–маман және сонымен қатар  В.И.Пацаев атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып келеді. Қадірберген Жапақұлы мен жолдасы Венера Қылышбайқызы Қарақалпақстандағы Нөкіс мемлекеттік Университетінің филология факультетін (1978-1983) бітіреді. Университетті бітірген соң, екеуі де Хожелі аудандық Ф.Энгельс атындағы орта мектебінде (1983-1991) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет жасайды.

1991 жылы Ақтөбе облысы, Ақтөбе ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылына көшіп келіп, осы ауылдағы В.И.Пацаев атындағы орта мектепте еңбек жолын жалғастырады. Ал жолдасы Венера Қылышбайқызы осы мектепке еңбегі сіңген ардагер ұстаз атанып, зейнеткерлікке шықты.

Қадірберген ұстаздың әкесі Абдиев Жапақ 1923 жылы Өзбекстан, Қарақалпақстан республикасының Хожелі  ауданындағы Сарышүңгіл ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ф.Энгельс атындағы жеті жылдық мектепті бітірген.   1940 жылдан 1991 жылға дейін аталмыш орта мектепте (Ф.Энгельс атындағы) 50 жылдай ұстаздық қызмет атқарған. Сондай-ақ, 1950-1953 жылдары  Қарақалпақстан республикасы, Хожелі қалалық мұғалімдер дайындайтын педучилищені және 1964-1968 жылдары Нөкіс мемлекеттік Т.Г.Шевченко атындағы пединституттың, филология факультетін сырттай бітірген.

Қадірберген Жапақұлының  апалары — Марияш Жапакова сол Ф.Энгельс атындағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен (1968-2001 жылдары), Қалияш Абдиева Нөкіс қаласындағы «Қарақалпақстанның 40 жылдығы» атындағы қазақ орта  мектебінде (1979-2015 жылдары) математика пәнінен, Ұлмекен Абдиева Алматы қалалық Алатау ауданы (қазіргі Әуезов ауданы) 123-мектеп-гимназиясында бастауыш сыныпта (1990-2017 жылдары) мұғалімдік қызмет атқарған. Ал қазір олар үшеуі де зейнеткерлік демалыста.

«Ұстаздар династиясының»  үшінші толқыны – Қадірберген Жапақұлының  үлкен ұлы Алпысбай Абдиев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік Мемлекеттік Университетінің (1999-2003) филология факультетін бітіріп шықты. Ол 2004 жылдан бері Ақтөбе көлік-коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде  ұстаздық қызмет атқарып келеді.

Отбасыларындағы кіші қызы —  Камшат Абдиева Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының (2003-2007) тарих-география факультетін бітіріп шықты. Ол (2007-2013) Алматы облысы, Қарасай ауданы, «Еңбекші орта мектебінде» КММ тарих-география пәнінің мұғалімі, сонан соң 2013 жылдан бері сол аудандағы Шамалған ауылының «Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясында» (КММ) өз мамандығы бойынша еңбек етіп келеді.

Жалпы,  Қадірберген Абдиев  және оның әулетінің қайсыбір ұстазын алмайық, педагогикалық жолда көптеген жетістіктері мен  марапаттары бар:  Қадірберген  Жапақұлының еңбек жолындағы осы марапаттарын атап айтуға болады: Облыстық құрмет граматосы-тамыз конференциясы 2012 ж, Республикалық құрмет грамотасы- ҚР Тәуелсіздік күніне орай 2016 ж, Республикалық құрмет грамотасы – тамыз 2017 ж, Облыстық диплом «Қазақ эпос» қоғамдық қоры Ақтөбе облысы 2019 ж.

Әрине, марапат та керек, дегенмен «шәкіртің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жатса, ұстазға одан асқан бақыт бар ма?» – дейді ұстаздар әулеті.

Сөз соңында айтарымыз, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей Абдиевтер  әулетінен алған өнегесін өзгелермен бөлісіп, өрелі істі өрбітіп келеді. Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңіз жемісті болсын, әулет жүгін арқалаған аяулы жан.

Кәсіби мереке қарсаңында Сіздің отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!

Дарина БАЙТИНА,

В.И.Пацаев атындағы орта мектебінің

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.