Жетістікке жету үшін ізденіс керек

Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында  ең алдымен білім тұрады.  Ал сол білімді шәкірт  бойына дарытып, шырақ  жағатын ұстаздар қауымы. Ұстаздық – басқа мамандықтарға қарағанда, ең қиын әрі жауапкершілігі жоғары  мамандықтардың бірі. Себебі, ұстаздардың басты міндеті — жас ұрпаққа сапалы да саналы  білім мен тәрбие беру.

Бүгінгі жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың басты көрсет­кіші — білім деңгейі. Сондықтан кез келген шәкірттің дарынды, зерек болуы алдымен ұстаздардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Оның ішінде жас ұстаздарға артылар жауапкершіліктің салмағы зор. Олай болса, біз бүгін сондай жас ұстаздардың бірі жайында сөз етпекшіміз.

Заман талабына сай тұлға болып қалыптасу үшін өмірді, өзіңді және жасап жатқан ісіңді сүю керек деген қағиданы өзінің өміріне серік етіп жүрген жас ұстаздардың бірі – Жәния Мақаш.

Жәния Ақтөбе облысы, Құмқұдық ауылында 1995 жылы дүниеге келген.    Бала кезден білімге деген құштарлығы мектеп қабырғасында  жүрген кезден-ақ  ұстаз болуды армандайды. Бала қиял армандары жетектеп, орта мектепті тәмамдаған соң, 2010 жылы Ақтөбе гуманитарлық  колледжіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнынан «Ағылшын тілі» пәнінің мұғалімі мамандығын  алып шығады.

Осылайша, өзінің мамандығына деген сүйіспеншілігі төрт жылдық білімінен соң, 2014 жылы ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету туралы ой келеді. Сөйтіп ойланбастан, Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл орта мектебіне жұмысқа орналасады. Міне, содан бері үздіксіз ізденіс пен жан-жақты жетістіктердің желкенінде  келе жатқан ұстаздың бұл салада мерейі үстем, ұстаз ретінде өзіндік орны қалыптасқан.

Осы орайда Жәниядан ұстаздың мамандықты таңдауының себебін сұраған едік.

-Иә, ұстаз болу оңай емес. Бұл мамандықты мен бала күнімнен армандадым. Әрбір ұстазыма еліктеп өстім. Сондықтан болар маған балалармен жұмыс жасап, оларға білгенімді үйрету ерекше шабыт сыйлайды.  Сондай-ақ, кез келген адам таңдаған мамандығына жауапты, оның ішінде балаларға білім беру ол тіптен де жауапкершілікті талап етеді.  Және де әрбір адам өзін-өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану керек. Мен алдыма келген әрбір шәкіртіме,  білгенімді үйретуден шаршамаймын. Сондықтан да, шәкірттерім аудандық, облыстық олимпиадалардан жүлделі орын алып, жетістікке жетіп жүр.  Оған қоса әрбір адам жеке тұлға, олардың әрқайсысының шешілмеген жұмбағы бар, сол жұмбақтың кілтін тауып аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу, онымен қоса білім  беру біздердің, яғни  ұстаздардың   міндеті.  Егер сен өз ісіңді сүйіп, жан дүниеңмен жасасаң, онда оның нәтижесі де жемісті болмақ.  Осындай нәтижелі еңбегімнің арқасында алып жүрген марапаттарым да аз емес. Аудандық білім бөлімінің алғыс хаттары мен  2018 жылы  модератор категориясын алдым. Жалпы түсінгенім ізденіспен еңбек етсең, оның жемісі де тәтті болмақ,-дейді Жәния Саматқызы.

Тағы бір айта кететін жайт еңбек еткісі келетін адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Сондай  жас ұстаздарымызға демеу болып келе жатқан жобалардың бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Осы аталмыш бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі де осы Жәния. Әңгіме барысында ұстаз бұл жайында қуана айтқан болатын. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының маңыздылығы жайында сауал да жолдаған едік.

— Ауылда білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастарды жігерлендіріп, ынтасын арттыратын бұл бағдарламаның жастар үшін маңызы зор.  Мемлекеттік бағдарламаны  Президентіміздің өзі қолдап, жыл сайынғы Жолдауында да қолдау тауып келеді.  Осы орайда менде  ауылға жұмысқа келіп, мемлекеттік тұрғын үйге ие болдым. Қуанышымда шек болмады өз баспанама қол жеткізгенімде.  Бұл бағдарламаның жастар үшін берері көп. Сондықтан да, алдағы уақытта да бағдарламаның жалғаса беретініне сенемін. Осы сәтті пайдалана отырып, мына нәрсені айтқым келеді. Мамандық таңдаудан қателеспеген өзімді бақытты ұстаз деп есептеймін. Сүйікті мамандығыммен қызмет бастаған ауылым өмірімдегі тағы бір өзгерістің орын алуына себепші болды. Мұны Алланың маған берген бағы деп есептеймін. Өйткені, өмірлік серігімді де осы  ауылдан таптым.  Отбасын құрып, бүгінде екі бүлдіршіннің ата-анасымыз,-деген қуанышты лебізін білдірді кейіпкеріміз.

Иә, расында кәсіп пен мамандықтың жаманы жоқ. Десе де,  таңдаған таңдауыңа сүйіспеншілік пен  икемділік қажет. Ол үлкен өнер мен зор шеберлікті қажет ететін еңбек. Кімде-кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет етсе, өз басына да, қоғамға да үлкен пайда келтірмек. Бағдарламаның шапағатын көрген маманның алға қойған мақсаты да жоқ емес. Келешекте ол шәкірттерінің биік асуларды бағындырып, талай жетістікке жетеріне сенім артады.

Сөз соңында айтарымыз Жәнияның еңбек жолы көп жастарымызға үлгі боларлықтай. Еңбек жолыңды ауылдан бастаудың да өз артықшылығы барын естен шығармау қажет.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.