БІЛІМНЕН – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ: ЖАС МАМАННЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Мұратова Фатима Серікқызы
Қарғалы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы

Мен, Мұратова Фатима Серікқызы, 2026 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «Қаржы» мамандығы бойынша GPA 3,6 көрсеткішімен аяқтадым.

Жоғары оқу орнында алған білімім мен кәсіби дағдыларымды ел игілігіне жұмсау – менің басты мақсаттарымның бірі болды. Осы мақсатта мемлекеттік қызмет саласын таңдап, өз мамандығым бойынша еңбек жолымды бастадым.

Мемлекеттік қызметке орналасуыма жоғары оқу орындарының GPA көрсеткіші жоғары түлектеріне арналған арнайы бағдарлама мүмкіндік берді. Аталған бағдарлама аясында талаптарға сәйкес келетін түлектер мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз және тестілеусіз, тікелей тағайындау тәртібімен орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бағдарлама – білімді, қабілетті және ынталы жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған маңызды бастама деп ойлаймын. Ол жоғары оқу орнын жақсы нәтижемен аяқтаған түлектерге өз білімін тәжірибеде қолдануға және кәсіби жолын мемлекеттік қызмет саласында бастауға жол ашады.

Мен қазіргі таңда Қарғалы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде бас маман лауазымында қызмет атқарып келемін. Бұл қызметте университет қабырғасында алған теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет қаражатының тиімді жоспарлануы мен пайдаланылуына өз үлесіңді қосу маңызды. Қызмет барысында жаңа ортаға, жаңа жұмысқа үйренісіп, өз білімім мен біліктілігімді арттыруыма әріптестерімнің көмегі зор. Бәрі өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас маманға қолдау көрсетуде, сол үшін Қарғалы аудандық әкімдік ұжымына алғысым зор.
Жас маман ретінде мемлекеттік қызметте еңбек ету мен үшін үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Себебі, мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, кәсібилікті, адалдық пен үздіксіз ізденісті талап ететін ерекше сала. Осы ретте мемлекеттік қызметке қадам басқан әрбір жас маманның білімі, тың идеялары мен бастамалары мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және ел болашағын қалыптастыруға өзіндік үлес қосады деп сенемін. Алдағы уақытта осы салада тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігімді арттырумен қатар, өз ісімнің үздік маманы болуға, қызметтік міндеттерімді адал әрі сапалы орындауға және халыққа тиімді қызмет көрсетуге ұмтыламын.