ТИІМДІЛІК, АШЫҚТЫҚ, ҚОЛЖЕТІМДІЛІК

Бүгінгі таңда Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі ауқымды технологиялық жаңғыру кезеңін бастан өткеруде. Құжаттармен жұмыс істеу тек бюрократиямен, үйіліп қалған қағаздармен және ұзақ кезекпен байланысты болған кезең артта қалып барады. Аудандық мәслихат аппаратының маманы ретінде мен бұл процестердің күнделікті ортасында жүріп, қызметіміздің форматы қалай түбегейлі өзгеріп жатқанын көріп отырмын. «Е-Өтініш», «Документолог» және «Е-Қызмет» сияқты ақпараттық жүйелерді енгізу және белсенді пайдалану мемлекеттік органның ішкі жұмыс алгоритмдерін оңтайландырып қана қойған жоқ. Олар ең басты міндет — мемлекеттік органдарды ауданымыздың әрбір тұрғыны үшін ашық, айқын, қолжетімді етті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша жойды.
«Е-Өтініш» жүйесі халық пен билік өкілдерін байланыстыратын басты құрал болды. Аталған бірегей платформа азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы физикалық шекараны толықтай алып тастады. Бұған дейін шалғайдағы ауылдық округтердің тұрғындары ресми өтініш беру үшін уақыты мен қаражатын шығындап, аудан орталығына келуге, өтінішті қолмен жазып, жауабын пошта арқылы апталап күтуге мәжбүр болатын. Бүгінде бұл қиындықтар артта қалды.
Ауданның кез келген тұрғыны интернетке қосылған ұялы байланыстың көмегімен тәуліктің кез келген уақытында мәслихатқа өтініш, шағым немесе сындарлы ұсыныс жолдай алады. Жүйе тіркеу кезінде «адами факторға» байланысты қателіктерді жоққа шығарады.
Өтініш беруші жеке кабинетінде құжаттың қашан қабылданғанын, қай маманға тапсырылғанын және қаралудың қай сатысында тұрғанын нақты көріп отырады. «Е-Өтініш» жүйесі заңнамада белгіленген мерзімдерді автоматты түрде бақылайды. Жүйе құжатты өткізіп жіберуге жол бермейді.
Асима ЕРШИМОВА,
аудандық мәслихаты аппаратының бас маманы




