ЕЛ ТАЛАБЫ – НАЗАРДА, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР – БАҚЫЛАУДА

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев пен Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдиннің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі өтті.
Жиынға мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Басқосу барысында Бадамша ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер таныстырылды. Бұдан кейін тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, аудан басшысына бірқатар сауалдарын жолдады.
Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы балалар ойын алаңдарының талапқа сай жабдықталмауы, желді күндері көшелер мен тұрғын үйлерде электр энергиясының жиі үзілуі, Степной ауылдық округіне қатынайтын жолдың жай-күйі сөз болды. Сонымен қатар ауызсуды тиімді пайдалану, тұрғын үйлердің аулаларында қоқыс жағу тәртібін сақтау, М. Оспанов тұйық көшесіне асфальт төсеу, көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу және қараусыз қалған ғимараттарды жою секілді көптеген өзекті мәселелер көтерілді.
Тұрғындар тарапынан айтылған әрбір сауалға аудан әкімі мен жауапты сала өкілдері түсініктемелер беріп, мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Өз кезегінде аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев аудан көлемінде шешімін күткен мәселелердің бар екенін жасырмай, олардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың орындалуы көбіне қаржыландыру мәселесіне байланысты екенін жеткізді.
– Аудан көлемінде шешімін күткен мәселелер бар. Оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған. Барлық жұмысты бір мезетте атқару мүмкін емес, себебі оның орындалуы қаржыландыруға тікелей байланысты. Дегенмен тұрғындар игілігіне бағытталған маңызды жобаларды іске асыру және халық алдында берілген уәделерді орындау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазіргі таңда басымдыққа ие міндеттер айқындалып, қалған мәселелер келесі кезеңдерде қарастырылатын болады, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында ауыл ақсақалдары да сөз алып, елді мекеннің дамуына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Олар атқарылып жатқан жұмыстар мен шешімін тауып жатқан мәселелер үшін аудан әкімі мен Бадамша ауылдық округінің әкіміне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалардың жалғасын табуына тілектестіктерін жеткізді.
Айта кетейік, аудан әкімінің тұрғындармен жоспарлы есепті кездесулері бұған дейін ауылдық округтерде бастау алған болатын. Алғашқы басқосулар Ащылысай және Әлімбет ауылдық округтерінде ұйымдастырылды. Ащылысай ауылдық округінің әкімі Асылбек Биманбаев Ащылысай және Бозтөбе ауылдарының, ал Әлімбет ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Мысаев округ тұрғындарының алдында жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге белгіленген міндеттер жөнінде есеп берді. Жиындарда елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді.
Одан соң Велихов, Кемпірсай және Қосестек ауылдық округтерінде кездесулер өтті. Велихов және Ақжайық ауылдарында округ әкімі Сұңғат Нұрлымұратов, Кемпірсай мен Жосалыда Нұралы Жамеков, Қосестек ауылдық округінде Гүлжан Досмағамбетова атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Тұрғындар тарапынан ауыл инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру, жолдардың жай-күйі және өзге де әлеуметтік мәселелер көтерілді. Аудан әкімі айтылған ұсыныстарды назарға алып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Есепті кездесулер Желтау, Шәмші Қалдаяқов және Степной ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Округ әкімдері Азамат Рзагулов, Самат Ізтлеуов және Гүлмайра Нұреділова тұрғындарға жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттер туралы мәлімет берді. Степной және Қайрақты ауылдарының, Шәмші Қалдаяқов және Желтау елді мекендерінің тұрғындары ауыл өміріне қатысты өзекті сауалдарын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Кездесулер барысында аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер беріп, олардың шешілуіне қатысты жауапты мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіліп, өтініштері қаралды.
Осылайша, аудан көлемінде өткен есепті кездесулерде елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму барысы сараланып, жыл ішінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Тұрғындар көтерген мәселелер назарға алынып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Алдағы кезеңде белгіленген міндеттерді жүзеге асыру және өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА






