Ұстаздар күні 5 қазанда мерекеленеді

Қазақстанда педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні енді 5 қазанда атап өтіледі. ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдады.

Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтіліп келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.

Осы орайда айта кететін болсақ, мереке қарсаңында елордада Педагогтердің республикалық съезі өтеді. Оған еліміздің барлық аймақтарынан 700-ге жуық ұстаз қатысады. Кездесу алаңында педагогтер ең озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алады.

Тағы бір айта кететін жайт Қазақстанның білім беру саласында 500 мыңға жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогі жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды. Төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы екі есеге өсті. 220 мыңға жуық мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемеақы төленуде. Өндірістен қабылданған техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы алады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 97 мың мұғалімнің жалақысы тағы 30 пайызға өсті.

Анықтама: Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйытқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді.

 Жұлдыз КЕНЖЕ.