ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Жаңа оқу жылы – білім беру саласы үшін жаңа міндеттер мен тың бастамалардың кезеңі. Өткен оқу жылындағы жетістіктер сараланып, алдағы уақыттың басым бағыттары айқындалатын дәстүрлі тамыз конференциясы осы жауапты кезеңнің маңызды басқосуы саналады.
Биыл аудан педагогтерінің басын қосқан тамыз конференциясы «Конституциялық құндылықтар, жасанды интеллект және адами капитал» тақырыбына арналды.
Жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, Ақтөбе облысының білім басқармасы Қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Аяжан Аманғалиева, еңбек ардагерлері, аудандық мекеме басшылары, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты.
Жалпы саны 200-ге жуық адам бас қосқан алқалы жиын білім саласының бүгінгі ахуалын бағамдап, ертеңгі даму бағдарын саралауға мүмкіндік берді.
Конференция Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Алғашқы сөз алған аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев «Білім берудегі адами капитал – аудан дамуының стратегиялық негізі» тақырыбында баяндама жасап, білім саласының қоғам дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Аудан басшысы педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаз еңбегінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыру, жас ұрпақтың әлеуетін дамыту және заманауи талаптарға сай білікті маман қалыптастыру бағытында атқарылатын жұмыстарға назар аударды.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысының білім басқармасы Қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Аяжан Аманғалиева да сала қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтап, педагогтер қауымына шығармашылық ізденіс пен кәсіби толысу жолында табыс тіледі.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова «Құндылыққа негізделген білім: жаңа мүмкіндіктер және жаңа басымдықтар» тақырыбында хабарлама жасап, онда 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстарды саралап, білім беру ұйымдарының қол жеткізген нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ биылғы 2026–2027 оқу жылында жүзеге асырылатын негізгі міндеттер мен білім саласының басым бағыттарын таныстырды.
Тамыз басқосуында білім берудің мазмұнын жаңғырту, оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, инклюзивті ортаны қалыптастыру, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту және өскелең ұрпақтың бойына заң мен тәртіпке, еңбекке, жауапкершілікке негізделген құндылықтарды сіңіру мәселелері кеңінен қозғалды.
Осы бағыттар бойынша бірқатар педагогтер мен сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында №2 Бадамша орта мектебі директорының орынбасары Гүлшат Алимбаева ауыл мектептеріндегі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі тәжірибесін ортаға салды. Ал Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының география пәні мұғалімі, жас маман Жанат Карасаева «Жасанды интеллект: білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау» тақырыбында сөз қозғап, оқу үдерісінде жаңа технологияларды қолданудың мүмкіндіктеріне тоқталды. Аудандық психологиялық-педагогикалық түзету орталығының педагог-психологы Дина Дорогокупля «Инклюзивное образование: качественное образование – право каждого ребёнка» тақырыбында инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін көтерді.
Петропавл орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Тасболат Мукашев «Жаңа халықтық Конституция: Адам, Әділдік, Еңбек – білім беру жүйесінің басты құндылықтары» тақырыбында баяндама жасап, жас ұрпаққа азаматтық жауапкершілік пен елдік құндылықтарды дәріптеудің маңызына назар аударды. Сазды орта мектебінің ата-ана комитетінің өкілі Әсел Нұрақбай «Отбасы мен мектептің ынтымақтастығы – әдепті ұлттың кілті» тақырыбында ата-ана мен білім ордасы арасындағы өзара байланыстың бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Ал Қарғалы ауданы полиция бөлімінің бастығы Нариман Мухтаров «Адал азамат. Заң. Тәртіп. Жауапкершілік» тақырыбында құқықтық тәрбие мен жасөспірімдер арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру мәселелерін сөз етті.
Конференция аясында білім беру ұйымдарындағы озық бастамалар мен шығармашылық жобалар да көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, «Жасыл балабақша», «AI балабақша», робототехника және «Ауыл – сапа білім алаңы» жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Оған қоса, ауданның жас спортшыларының жетістіктері таныстырылып, олардың білім мен спортты қатар алып жүрген белсенділігі көпшілікке үлгі болды.
Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан білім саласында табанды еңбек етіп, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына үлес қосып жүрген педагогтердің еңбегін бағалау – дәстүрлі тамыз кеңесінің маңызды бөлігі.
Салтанатты жиында кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, білім беру саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан бірқатар ұстазға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына Петропавл орта мектебінің педагогі Наталья Романенко, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Олбасын Клянц, Жосалы орта мектеп-балабақшасының педагогі Элла Томчук, №2 Бадамша орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Шарапатова ие болды.
Ал облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен В.И. Пацаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әсемгүл Бабаниязова, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының педагогі Светлана Колодко, «Ақбота» мектепке дейінгі ұйымының тәрбиешісі Элянора Дзюбан, аудандық балалар өнер мектебінің қосымша білім беру педагогі Ботагөз Танынбаева марапатталды.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында «Үздік білім беру мекемесінің аумағы – 2026» байқауы өткізілді. Байқау барысында білім беру ұйымдарының ауласын абаттандыру, көгалдандыру, тазалықты сақтау және көркейту бағытындағы жұмыстары сараланды. Аталған жұмыстарға белсенді қатысып, өз аумақтарын ұқыпты әрі көрікті етіп безендірген білім беру ұйымдары үздіктер қатарынан көрінді. Байқау қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен «Балауса» және «Балапан» балабақшалары 50 мың теңгелік, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы 75 мың теңгелік, ал Ащылысай орта мектебі 100 мың теңгелік қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Тамыз кеңесі – өткен оқу жылындағы жетістіктерді саралап қана қоймай, алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындайтын маңызды кәсіби алаң. Алқалы жиында көтерілген өзекті мәселелер мен ортаға салынған озық тәжірибелер білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты міндеттерді айқындап, ұстаздар қауымына жаңа серпін берді.
Осылайша, жаңа мақсаттар мен тың бастамаларды айқындаған тамыз кеңесі аудандық балалар өнер мектебі оқушыларының музыкалық бағдарламасына ұласып, көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды.
Білім саласының өкілдерін бір арнаға тоғыстырған дәстүрлі басқосу жаңа оқу жылына нық қадам басуға бағыт-бағдар беріп, ұстаздарға тың ізденіс пен шығармашылық еңбекке жігер сыйлады.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа оқу жылының басталуы ауданымыз үшін сүйінші жаңалықпен айшықталды. Облыстық тамыз конференциясында білім беру саласындағы жоғары жетістіктері сараланып, аудан орталығындағы Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері атанды. Білім ордасына 11 000 000 (он бір миллион) теңге көлеміндегі қомақты қаржылай сыйақы табысталды. Бұл – ұжымның жүйелі еңбегіне, педагогтердің кәсіби ізденісі мен білім сапасын арттыру бағытындағы нәтижелі жұмысына берілген лайықты баға.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА






