ҚАРИЯЛАР – ӨМІРДІҢ ШЕЖІРЕСІ

Күздің қоңыр салқын алғашқы күндерімен бірге жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Бұл атаулы күн 1990 жылғы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан жарияланған. Содан бері әлемнің көптеген елінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге арналған айтулы дата ретінде аталып келеді.

Қарттар күні – бір күндік мереке ғана емес. Бұл – үлкенді сыйлап, олардың өмір жолын бағалау, ақыл-тәжірибесін кейінгі ұрпаққа өнеге етуге үндейтін тағылымды күн. Қариялар – талай тарихи кезеңнің куәсі, ел мен жердің өткені мен бүгінін сабақтастырып отырған алтын көпір.

Ауданымызда да осындай өнегелі өмір жолын артқа қалдырған аға буын өкілдері аз емес. Олардың барлығының ғибратты ғұмырын газет бетіне толық сыйғызу мүмкін болмағанымен, жыл сайын Қарттар күні қарсаңында елге еңбегі сіңген ардагерлерімізді оқырманға таныстырып келеміз. Биыл да әр салада маңдай терін төгіп, ел игілігіне еңбек еткен бірқатар кейіпкерлеріміздің өмір жолына тоқталғанды жөн көрдік.

ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР

Дала төсіндегі еңбек әрдайым ерлікпен пара-пар. Әсіресе егін орағы қызған шақта ауа райының ыстығына да, салқындығына да қарамай, комбайн тізгіндеп, туған жердің ырысын еселеуге үлес қосқан еңбек адамдарының орны бөлек. Ауыл шаруашылығына бар ғұмырын арнаған сондай азаматтардың бірі – Абылхаиыр Турабаев.

Ол 1940 жылғы 24 қазанда сол кездегі Родниковка ауданына қарасты Александровка ауылында қазіргі Шәмші Қалдаяқов ауылында дүниеге келген. 1957 жылы жеті жылдық мектепті тәмамдаған жас жігіт №52 ауыл шаруашылығы училищесіне түсіп, трактор-механизатор мамандығын меңгереді.

Еңбек жолын 1958 жылы Чкалов атындағы ұжымшарда бастап, 1961 жылға дейін табанды қызмет атқарады. Осы кезеңде шаруашылық Қазақ КСР-інің 40 жылдығы атындағы кеңшар болып қайта құрылып, Абылхаиыр Турабаев оның екінші бөлімшесінде еңбек етеді.

1962 жылы Алматы қаласында өткен ауыл шаруашылығы озаттарының слетіне Батыс Қазақстан өңіріндегі төрт облыстан барған 58 делегаттың бірі ретінде қатысады. Осы жиында алғаш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталады.

Еңбек жолындағы жетістіктері мұнымен шектелмейді. 1969 жылы «Үздік комбайнер» атанса, 1970 жылы «Лениннің 100 жылдығы» медалімен марапатталады. Кейін В.И.Пацаев атындағы ұжымшарда еңбек етіп, 1984 жылы III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ие болады. Сол жылы еңбек ері медалімен де марапатталады.

Ұзақ жылдар бойы маңдай терін туған жердің берекесіне арнаған кейіпкеріміз 1995 жылғы 24 қазанда зейнетке шығады.

Еңбектің еленуі – азамат үшін үлкен мәртебе. Алайда адамның өміріндегі ең үлкен сүйеніш – отбасы, жан жары. Ағамыздың жары да елге еңбегі сіңген, алдыңғы қатарлы сауыншы, түрлі марапаттардың иегері болған жан еді. Өкінішке қарай, ол 2001 жылы 55 жасында дүниеден өтіп, бұл қаза ардагерге ауыр тиеді.

Бүгінде ағамыз төрт қыз, екі ұлдан тараған тоғыз немере, төрт шөберенің қызығын көріп отыр. Сексен жастан асып, тоқсанға аяқ басқан ел ағасы ұрпағының жетістігіне шүкіршілік етіп, жастарға өзінің өмірлік тәжірибесін үйретуден жалыққан емес.

Еңбекпен өрілген ғұмыр – кейінгі ұрпақ үшін қашанда өнеге. Абылхаиыр ағамыздың өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, маңдай термен жеткен абыройдың айқын көрінісі.

АТАЖҰРТҚА ЖЕТКІЗГЕН АРМАН

Адам үшін ата-бабасы мекен еткен туған жердің орны қашанда бөлек. Қай жерде өмір сүрсе де, жүрегінде атамекенге деген сағынышын сақтайтын жандар бар. Қарттар күніне орай тарихи Отанына оралып, тәуелсіз Қазақстаннан құтты мекен тапқан қандастарымыздың бірі – Нұрберген  Есеев.

Ол 1949 жылғы 5 мамырда Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданында дүниеге келген. 1967 жылы Нүкіс қаласындағы гидротехниктер даярлайтын техникумға оқуға түсіп, 1970 жылы оқуын аяқтайды.

Жас маман еңбек жолын Чапаев атындағы кеңшарда инженер-ирригатор болып бастап, 2005 жылға дейін осы салада қызмет атқарады. Яғни егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету, суару жұмыстарын ұйымдастыру бағытында ұзақ жылдар еңбек етеді.

Кейіпкеріміз кеңшардағы көп жылдық еңбегінен кейін зейнетке шығып, 2008 жылы қазіргі құтты мекені – Бадамша ауылына қоныс аударады.

Нұрберген ағамыздың әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Ол 1996 жылы, ал өмірлік жары  2011 жылы дүниеден озған. Бүгінде ағамыз төрт қызының қызығын көріп, олардан тараған 14 жиен, 11 жиеншарының ортасында ғибратты ғұмыр кешіп отыр. Қыздары әр салада еңбек етіп, отбасын құрып, әкелеріне сүйеніш болып келеді.

Тарихи Отанына оралу – оның көптен күткен арманы еді. Бүгінде ол осы арманның орындалғанына ризашылығын білдіреді. Туған елдің топырағына табан тіреп, ұрпағының Қазақстанда өсіп-өнгеніне қуанады.

«Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш. Қарғалы өңірінің қарттарының бірі болып, ел қатарында өмір сүріп жатқанымды шүкіршілік етемін»,- дейді Нұрекең.

Атамекенге оралған жанның жүрегіндегі бұл ризашылық – туған жердің қадірін ұғынған азаматтың сөзі. Туған елге деген сағыныш пен елге қызмет етуге деген ұмтылыс – кейінгі ұрпаққа да тағылым боларлық құндылық.

 АУЫЛДАН ТҮЛЕГЕН АЯУЛЫ ЖАН

Туған жермен тағдырын сабақтастырып, түрлі салада табанды еңбек еткен жандардың бірі – Гүлбану Кенжебаева. Оның еңбек жолы ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, кейінгі буынға үлгі боларлық өнегеге айналды.

Ол 1964 жылғы 5 наурызда Қосестек ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Ленин атындағы орта мектепті тәмамдап, қазіргі Сарбұлақ аумағында орналасқан Большевик ұжымшарында еңбек жолын бастайды.

1983-1992 жылдары ветеринариялық амбулаторияда зертханашы болып қызмет атқарады. Ал 2001-2011 жылдар аралығында Большевик орта мектебінде шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етеді.

2011 жылы жолдасы Құрманғазының жұмысына байланысты Қосестек ауылының Сүтзауыт аумағына қоныс аударады. 2012 жылдан 2025 жылға дейін Қосестек ауылдық округі аппаратының іс жүргізушісі қызметін атқарып, елмен етене араласа жүріп, жауапты жұмыстың жүгін абыроймен көтереді.

Гүлбану Есболсынқызы 1963 жылы Құрманғазы Тарабаевпен шаңырақ көтеріп, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған он жиеннің қызығына бөленіп отырған ардақты әже. Өкінішке қарай, 2025 жылы өмірлік жары Құрманғазы дүниеден өтті.

Кейіпкеріміз  қандай жұмысты қолға алса да, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әріптестерімен тіл табыса білетін, үлкенге ізет, кішіге ақылын аямаған іскер жан ретінде ел құрметіне бөленді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ауыл өміріне өзіндік үлесін қосты.

Еңбегі еленіп, аудан әкімдерінің екі мәрте Алғыс хатымен, облыстық статистика мекемесінің және Қосестек сайлау комиссиясының Алғыс хаттарымен марапатталған.

Қарапайым ауылдың белсенді әрі іскер әйелдерінің бірі болған Гүлбану Есболсынқызы еңбекпен шыңдалып, елдің алғысына бөленіп, бүгінде немере-жиендерінің ортасында ғибратты ғұмыр кешіп келеді. Ауылдың қоғамдық өмірінен қол үзбей, өзінен кейінгі жастарға білгенін үйретіп жүрген ақ жаулықты әже үшін бұл – өмірінің мәні мен жалғасы.

Қария – елдің қазынасы. Олардың әрбір сөзі мен өмірден түйген тәжірибесі кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Сондықтан аға буынға құрмет көрсету – баршамыздың ортақ парызымыз.

Қарттар күніне орай ауданымыздағы барша ақ жаулықты әжелеріміз бен  ақсақалды қарияларымызға  зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ұрпақтарының қызығын көріп, елдің сый-құрметіне бөлене берсін!

 Бетті дайндаған Бақыт ИМАШЕВ