АУДАНЫМЫЗДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Дүниежүзілік туризм күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Сарқыт» мейрамханасында облыстың туристік әлеуетін таныстыруға арналған мерекелік шара өтті.
Жиынға туризм саласында еңбек етіп жүрген қонақ үй, мейрамхана, туристік бизнес және ақпарат саласының өкілдері, сондай-ақ облыстың 12 ауданынан келген мамандар қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – өңірдің туристік мүмкіндіктерін таныстыру, сала мамандарының еңбегін дәріптеу және туризмді одан әрі дамыту бағыттарын талқылау.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов өңірдегі туризм саласының даму барысына тоқталып, табиғи және тарихи-мәдени нысандардың туристік тартымдылығын арттырудың маңызын атап өтті.
Шара барысында ауданымыздың туристік әлеуеті де кеңінен таныстырылды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова өңірдің туристік мүмкіндіктері мен даму перспективалары туралы баяндама жасады.
Баяндамада ауданымыздың табиғи, археологиялық, этнографиялық және ауылдық туризмді дамытуға қолайлы мүмкіндіктері сөз болды. Әсіресе көркем табиғаты, су айдындары, тарихи-мәдени нысандары, «Мылқау ауыл» мен «Қасқыр сарқырамасы» сияқты көрікті жерлердің туристік маңызы атап өтілді. Сонымен қатар этнотуризм, акватуризм және агротуризм бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Мерекелік шара соңында туризм саласының дамуына үлес қосып жүрген өңірлер марапатталды. Олардың қатарында біздің ауданымыз да бар. Осы орайда аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Сабыржанқызына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хаты табыс етілді.
Қарғалы-АҚПАРАТ




