БУХАРЕСТ ТӨРІНДЕГІ ҚОЛА ЖҮЛДЕ  

21–29 қыркүйек аралығында Румынияның астанасы Бухарест қаласында тірек-қимыл аппараты және көру органдары зақымданған спортшылар арасында тоғызқұмалақтан жеке Әлем кубогы өтті.

Халықаралық додаға Қазақстан, Өзбекстан, Румыния, Испания, Түркия, Чехия, Украина, Қырғызстан, Молдова және Венгриядан барлығы 77 спортшы қатысты. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты зақымданған 37 және көру органдары зақымданған 40 спортшы бақ сынады.

Бәсеке тоғызқұмалақтың классика, рапид және блиц түрлері бойынша ұйымдастырылды. Жарыс барысында қатысушылар жоғары шеберлік пен табандылық танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Халықаралық турнир талапқа сай ұйымдастырылып, спортшыларға қажетті жағдайлар жасалды.

Айтулы додада ауданымыздың атынан қатысқан жерлесіміз Ернұр Мұратқалиев тірек-қимыл аппараты зақымданған ер спортшылар арасында бақ сынап, III орынға ие болды. Осылайша ол ел қоржынына қола медаль салып, халықаралық аренада өзінің шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қазақстан құрамасы да Әлем кубогында жоғары нәтижелер көрсетіп, ойынның барлық түрі бойынша жүлделі орындардан көрінді. Отандастарымыздың біліктілігі мен жігері ұлттық құраманың халықаралық додадағы табысты өнер көрсетуіне негіз болды.

Бухарестте өткен Әлем кубогы ерекше спортшылар арасында тоғызқұмалақты дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және спортшылардың кәсіби деңгейін жетілдіруге жол ашқан маңызды бәсекеге айналды. Жарыс қорытындысында жүлдегерлерге тиісті дәрежедегі медальдар мен марапаттар табысталды.

Жерлесіміз Ернұр Мұратқалиевті айтулы жетістігімен құттықтап, алдағы додаларда да биік белестерден көрінуіне тілектеспіз!

Жұлдыз КЕНЖЕ