АУДАН ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАЛАНДЫ

Өткен аптада аудандық мәслихаттың 51-ші кезекті сессиясы өтіп, оған мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов төрағалық етті.

Сессия жұмысына аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйымдар, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібінде аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі мен ауданның 2026–2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу және тұрғын үй қоры орналасқан жерлерге жер салығының мөлшерлемелерін белгілеу мәселелері қаралды.

Ең алдымен аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция және кәсіпкерлік салаларындағы жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар жол, жарықтандыру, газбен қамту, абаттандыру, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және жұмыспен қамту бағыттарындағы негізгі міндеттерді саралады.

                             

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Шахнияз Сақабаев ауданның 2026–2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу жөнінде баяндама жасады. Мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде үнемделген және ауылдық округтерден қайтарылған қаржыны қайта бөлу ұсынылды. Қаражаттың басым бөлігі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға және ауылдық округтердегі көшелерді жарықтандыруға бағытталмақ. Сондай-ақ, сессия барысында тұрғын үй қоры орналасқан жерлерге жер салығының мөлшерлемелерін белгілеу мәселесі талқыланды.

Жиында депутаттар тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Бадамша ауылы маңындағы Ларейка көлінің жанында орналасқан ағынды су жиналатын шұңқырлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Петропавл орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлу мәселелері сөз болды. Сонымен бірге Петропавл ауылында қарттарға арналған «Ұзақ өмір сүру орталығын» ашу, Қосестек пен Сарыбұлақ ауылдарындағы ұялы байланыс сапасын жақсарту, Қосестек–Сарыбұлақ автожолын және ауылдағы апатты көпірлерді жөндеу мен Д.Қонаев көшесін асфальттау жұмыстарының аяқталуы жөнінде сауалдар қойылды. Бұдан бөлек, Петропавл ауылындағы тұрғын үй массивін, Бадамша ауылындағы Геологтар көшесін, БАМ аумағындағы көшелерді түнгі жарықтандыру мәселелері де назарға алынды.

Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен кезектен тыс сессия отырыстарында бұған қоса «Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылу барысы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Сессия қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, тиісті қаулылар мен шешімдер қабылданды. Көтерілген мәселелердің орындалуы мен тұрғындардың өтініштерін шешу бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.

 Камшат БАЙХАНОВА

ТегтерСессия