Жастарға шабыт сыйлаған саяхат

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы жүзеге асырып жатқан «TurLife» жобасы – өңір жастарын туған өлкенің табиғаты мен өндірістік әлеуетімен таныстыруды мақсат еткен ауқымды бастама. Жоба аясында жастар Ақтөбе облысының әр ауданын аралап, ауыл тіршілігімен, мәдени құндылықтарымен және кәсіпкерлік нысандарымен жақыннан танысуды көздейді. Бұл жолғы сапар – біздің ауданымыздан бастау алды.
Аталған іс-шараға облыс орталығынан келген белсенді жастар, жастар ұйымдарының жетекшілері, еріктілер мен қала және аудандық жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысты. Бұл басқосу жастардың дүниетанымын кеңейтіп, ұмытылмас ерекше әсер сыйлады.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған жобаға аудан әкімдігі қолдау көрсетіп, қатысушылар ең алдымен «Ардағым» балық шаруашылығы кешенінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда жастарға кәсіпорынның жұмыс барысы, балық өсіру әдістері мен нарыққа шығару жолдары таныстырылды.
Одан соң сапар «Бадамша» күн электр станциясында жалғасын тауып, жас буынға заманауи жасыл энергетиканың қыр-сыры түсіндірілді. Сондай-ақ жастар «Степное» ЖШС шұжық өндіру цехында болып, ондағы өндірістің технологиялық үдерісі мен ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жайлы жан-жақты мағлұмат алды. Бұл кездесулер жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттырып, ауылдағы мүмкіндіктерге жаңаша көзқараспен қарауға жол ашты.
Осылайша, түстен кейінгі шара аудан жастарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шараның ашылуында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев пен Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев сөз сөйлеп, қазіргі қоғамдағы жастардың орны жайында тілге тиек етіп, жастарды белсенді де мақсатты өмір сүруге шақырды.
Сонымен қатар сахнада әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй орындалып, мың бұрала би билеп, көрермендерді тәнті етті. Концерттен кейін ұйымдастырылған тимбилдинг барысында қатысушылар бір-бірімен жақынырақ танысып, ұжымдық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік алды. Түрлі ойындар мен топтық тапсырмалар арқылы олар командалық жұмыстың маңызын түсініп, бір-біріне деген сенімділікті арттырды.
Іс-шара соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, осындай танымдық жобалардың жастар үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, «TurLife» – бұл жай ғана сапар емес, бұл – тәжірибе, танысу, шабыт алу алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қарғалы-АҚПАРАТ







