ВЕЛИХОВ АУЫЛЫ ШАТТЫҚҚА БӨЛЕДІ

Ауданымызда бастау алған «Ауылдар күні» жобасы ауыл халқының ынтымағын нығайтып, ұлттық салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін дәріптеуге арналған тың бастамаға айналды. Осы игі бастама аясында өткен аптада бұл байқау Велихов ауылдық округінің шарасымен жалғасты.

                     

Орталық саябаққа асыққан тұрғындар аталмыш ауылдық округтің тарихы мен мәдениетіне, ұлттық салт-дәстүріне куә болды. Тұрғындар  арнайы тігілген киіз үйдің ішіне ауылдың өткені мен бүгіні, тарихи тұлғалары мен мәдени қазыналары жайлы деректер қойылып, келушілерге кеңінен таныстырылды. Қонақтар дәстүрлі тағамдардан дәм татып, ұлттық құндылықтарымызбен етене танысуға мүмкіндік алды. Киіз үй сыртында Велихов ауылдық округінен шыққан, өңірімізге танымал суретші  Елена Эккерттің өз қолынан шыққан туындылары қойылып, көпшілік тамашалай алды.

Салтанатты кештің шымылдығы Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас  Қарағұловтың құттықтау сөзімен ашылды.

— Ақжайық атауымен танымал бұл өңір – тарих пен тағылымның, батырлық пен берекенің мекені. Халқымыздың мақтанышына айналған Сергей Вавилов пен Василий Синчук сынды батырларымыздың осы өңірден шыққаны біз үшін мақтаныш. «Ауылдар күні» – жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық рухты сіңірудің, ауылдың өткені мен келешегін жалғайтын алтын көпір. Бүгінгі күн – тарих пен өнердің тоғысқан тұсы. Олай болса, шаттық кештің сәнін келтіріп, белсенді болуға шақырамын, – деді округ әкімі.

Мерекелік шараға арнайы ұлттық киіммен келген ақ жаулықты аналарымызға құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табысталды. Сондай-ақ, думанды кеш ауыл ақсақалының ақ батасымен басталып, дәстүрлі шашумен жалғасты.

Ауыл өнерпаздары әуезді әндермен, түрлі аспаптармен көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кішкентай бүлдіршіндердің мың бұрала билеген биі мен ұйымдастырылған қызықты ойындар кештің көркін кіргізді. Ал белсенді тұрғындар  естелік сыйлықтарға ие болды.

Сахна төріне Велихов ауылының құрметті тұрғыны Анна Пашкевич шақырылып, өзінің жүрек жарды лебізін білдіріп, өлең шумақтарымен әрледі.

Мәдени шарамен қатар ұлттық спорт ойындары да ұйымдастырылды. Алаңда арқан тартыс, асық ату, гір көтеру мен эстафеталық жарыстар өтті. Спорттық шара жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан  бағалы сыйлықтармен марапатталып,  ел қошеметіне бөленді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, тұрғындар табиғи, жергілікті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Ең бастысы — бұл күн ауыл тұрғындарына ауызбіршілік пен ынтымақтың маңызын тағы бір мәрте ұғындырды. Кеш соңы дәстүрлі би кешімен түйінделіп, саябақ аспанын жарыққа бөлеген от шашумен қорытындыланды.

Айта кетейік, “Ауылдар күні” байқауы осы аптаның сенбісінде Желтау ауылдық  округімен  жалғасын таппақ.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА