ӨТКЕН КҮНДЕР – БІР БЕЛЕС

Менің еңбек жолымда талай жердің топырағын басып, түрлі жандармен танысу бақыты бұйырды. Өмір мәңгі емес. Дегенмен, тіршілігінде парасаты мен пайымы биік, адамгершілігі мол азаматтар артына өшпес із қалдырады. Солардың бірі – Қарабұтақ ауылының төл перзенті, ел есінде қалған абзал жан – Мақсоткерей Кумаров ағамыз.
Мен ол кісімен алғаш 1997 жылы Бадамша ауылында өз дастарханы басында таныстым. Қысқа ғана таныстықта-ақ ол кісі адами ақылымен, өмірлік кеңесімен мені баурап алды. Өкінішке қарай, Мәкең өмірден ерте кетті. Бірақ ол кісінің аз ғұмырында қалдырған рухани мұрасы, өнегелі ізі ел жадында мәңгі қалды.
Мақсоткерей ағамыз – Орал қаласындағы педагогикалық институтта тарих мамандығын, Алматыдағы ҚазМУ-дің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін және Жоғарғы партия мектебін қызыл дипломмен тәмамдаған білікті азамат. Ол 1946 жылы қазіргі Қарғалы су қоймасы маңында дүниеге келген. Әкесі Батыр Құмар атасының атын жалғастыру мақсатында баласын атасына жаздырады. Соғысқа аттанар сәтінде әкесі: «Ұл болсын, қыз болсын – атын Қуаныш қойыңдар» деп аманат еткен екен. Анасы – еңбекқор жан, әкесінің аманатын орындап, ұжымшарда жұмыс жасап жүріп қыз бала – Қуаныш апасын дүниеге әкеледі. Соғыстан аман оралған әкесі мен анасы кейін Мәкеңді өмірге әкеледі.
Құмаровтар отбасы – Қызыл флот мектебіне еңбегі сіңген әулет. Мәкең апасы Қуанышпен бірге білім саласында қызмет етті. Мақсоткерей ағамыз Қызыл флот мектебін аудан басшылары жабамыз деген кезде жалғыз өзі күресіп, мектептің сақталып қалуына үлкен үлес қосты.
Мәкең 1968 жылы әскери борышын өтеп келіп, Қарғалы су қоймасында комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет етті. 1970 жылы Қызыл флот мектебіне мұғалім болып оралып, сүйікті жары Сабира Абдрахманқызымен бірге ұстаздық жолын бастады.
Қазақта «Кез келген мықты ер азаматтың артында мықты әйел тұрады» деген сөз бар. Сабира апай дәл сондай жан. Ол кісі 40 жыл ұстаздық еткен, бес баланың анасы, бүгінде 75 жасқа келсе де, ауданда тәлім-тәрбие ісіне үлес қосып келе жатқан құрметті жан.
Осылайша, Мәкең 1974 жылы мектеп директоры қызметінен аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысады. Кейін аудандық «Ленинец» газетінің редакторының орынбасары болып қызмет етті. Алайда сол кездегі талап бойынша қазақ тілінде жазуға тыйым салынғанын біліп, өз еркімен жұмыстан кетеді. Ол осы қадамынан ұтылған жоқ. Керісінше, Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, қайта шыңдалып оралды.
Кейіпкеріміз аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарып, аудандық мәслихат депутаты болды. Аудан экономикасын дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге зор үлес қосты. Бадамша ауылындағы “Мәңгілік алау” стелласының бой көтеруіне ерекше еңбек сіңірді. Өзі облыс, аудан, ауылды аралап жүріп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың есімдерін жинақтады. Елге еңбегімен сіңген азамат ауданға келген мәртебелі меймандармен де, жоғары лауазымды тұлғалармен де тең дәрежеде, екі тілде еркін сөйлесіп, мәселелерді шешуге ұмтылды.
Мәкеңнің өмірі, өкінішке қарай, қысқа болды. 2000 жылы жүрек талмасынан өмірден озды. Артында «Еңбек ардагері» медалі мен елге сіңірген өлшеусіз еңбегі қалды. Ол марапаттан гөрі, әріптестерінің жетістігін көргенді жақсы көретін адам еді.
Артында қалған ұрпақтары бүгінде аудан мақтанышына айналды. Ұл-қыздары әр салада қызмет етіп жүр. Үлкен қызы Анаргүл – Бадамша мектеп-бөбекжай бақшасында ұстаздық етсе, кіші қызы Жанар – балалар өнер мектебінде мұғалім, ал ұлы Серік – «Жайсаң» кеден бекетінде басшылық қызмет атқарған подполковник, Мемлекеттік кірістер департаментінде кеден қызметінің инспекторы, екінші ұлы Жалғас – «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС Қарғалы аудандық электр жүйелері бөлімінің басшысы, кенже ұлы Ардақ – полковник, 28 жылдан бері әскери қызметте.
Мақсоткерей ағамыздың ұрпақтарынан бүгінде 13 немере, 5 шөбере тараған. Қазіргі таңда олардың ортасында тәубе айтып, немере-шөбересінің қызығын көріп отырған Сабира апамыз – ұлағатты ұстаз, өнегелі әже.
Бұл естелік – елге еңбегі сіңген, артына өшпес із қалдырған абзал жанның ақ адал еңбегі.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі







