Мереке аясындағы турнир

10 шілде – Ветеринария саласының қызметкерлері күні. Өткен жылдан бастап бұл күн елімізде ресми кәсіби мереке ретінде аталып өтуде. Бұл – төрт түліктің амандығын күзетіп, адамзаттың саулығына жауапты маман иелерінің еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Атаулы мерекеге орай өткен жексенбіде волейболдан аудандық турнир өтті. Спорттық шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарғалы аудандық аумақтық инспекциясы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесе өткізді.
Турнирдің негізгі мақсаты – ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін лайықты атап өту, салауатты өмір салтын насихаттау, волейбол спортын дамыту және әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайту.
Шара барысында ҚР АШМ ВБжҚК аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Қуанышов сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнир жоғары деңгейде, қызықты әрі тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі I орынды – Бадамша ауылының командасы, II орынды – Желтау ауылдық округі, ал III орынды – мемлекеттік қызметшілерден құралған команда иеленді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жұлдыз КЕНЖЕ




