Түйетөбедегі үнсіздік

31 мамыр күні жастар орталығының ұйымдастыруымен дәстүрге сай, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу үшін «Түйетөбе» мемориалына экскурсияға барды. Сыры мол сапарға мектеп ұстаздары, мәдени және мемлекеттік мекеме өкілдері, қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарында қаза тапқандардың туыстары қатысты.

Алдымен жастар орталығының басшысы сөз алып, қасіретті жылдардың тарихтағы орны туралы тоқталып өтті.

— Біз өткен ғасырда жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алуды, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да естен шығарған емеспіз. Тарихи деректерге сүйенсек, 1932-1933 жылғы ашаршылықта Қазақстанда 3 миллионға жуық адам көз жұмған. 600 мыңнан аса қазақ азаматы ата жұртты тастап, шетелдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. 1997 жылдан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл күн — біз үшін қасіретті күн. Біздің ендігі борышымыз — елдің бірлігін нығайту, сол бір зұлмат жылдарды, оның жазықсыз құрбандарын ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау, — деді Мейіржан Жұбан

Бұдан кейін аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова сөз алып, сол қасіретті жылдары Түйетөбе аумағында 6 мыңдай адам жазықсыз  атылғандығын және де саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары 20 жыл бойы қиындық көргендігі жайындағы маңызды ақпараттармен бөлісті.

Жұлдыз КЕНЖЕ

 

 

 

ТегтерТАҒЗЫМ