СЫБАҒА – БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ

Өткен аптаның бейсенбісінен бастау алған үш күндік «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі ауданымызда да кеңінен аталып өтті.
Дәстүрді дәріптеуді мақсат еткен бұл мереке аясында жерлестеріміз Ақтөбе қаласындағы «Сарқыт» мейрамханасында ұйымдастырылған «Көнеден жеткен дәм» гастро-фестиваліне қатысып, ұлттық тағамдардың байырғы үлгілерін ұсынып, өңір абыройын асқақтатты.
Аталған іс-шараның мазмұны мен аудан көлеміндегі өткізілу барысы жөнінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Дидар Бақыткерейдің пікірін білген едік.
– Ең алдымен облыс орталығында өткен гастро-фестиваль туралы әсерімізбен бөліскім келеді. Он екі аудан мен облыс орталығынан қатысқан бұл ауқымды шарада басты мақсат – жеңіске жету ғана емес, ұлттық мұрамызды кеңінен таныстырып, жаңғыртуға үлес қосу болды. Сол себепті ауданымыздың атынан ұлттық тағамдарымызды ұсынып, белсене атсалыстық. Біздің ұсынған негізгі тағамымыз – «Жау жүрек», сондай-ақ тарыдан дайындалатын бірнеше дәмдер көпшілік назарына ұсынылды. Көрермендерге тарының қасиеті, оның тарихы және «тары атасы» атанған Шығанақ Берсиевтің еңбегі туралы жан-жақты түсіндірдік. Бұл еңбегіміз еленіп, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің Алғыс хатымен марапатталдық,-деді ол.
Сондай-ақ, мереке күндері аудан спортшылары да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ардагерлеріміз Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған облыстық ардагерлер спартакиадасында дойбы мен шахматтан бақ сынап, белсенділіктерін танытты. Нәтижесінде Зоя Қазмағамбетова – үшінші орын, ал үстел теннисінен Нұрболат Нишпаев – екінші орын иегері атанды.
Осылайша, бұл байқауда ауданымыздың абыройы асқақтап, ауызбіршілігіміз бен ұйымшылдығымызды көрсете білдік.
Айта кетейік, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі биыл екінші мәрте өтіп отыр. Үш күнге созылған іс-шара аясында өңір жұртшылығына мазмұны мен тағылымы зор түрлі бағдарламалар ұсынылды. Аталмыш шара ауданымызда да қолдау тауып, «Сыбағаның» мән-мағынасы түсіндіріліп, ұлттық дәстүрдің қадір-қасиеті кеңінен насихатталды.
Бақыт ИМАШЕВ








