ӘН ПАДИШАСЫНА ҚҰРМЕТ

Өткен аптаның бейсенбісінде ауданымызда қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың мәңгілік мұрасына арналған дәстүрлі облыстық «Әуелейді, Шәмші әні!» атты ретро әндер байқауы өтті.
Көңілге шуақ сыйлайтын әуезді әндерімен ел жүрегін жаулаған композитор шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен бұл өнер додасы жыл сайын өңірдің таланты мен тыңдарманын тоғыстыратын ерекше мерекеге айналған.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев пен Шәмші қорының жетекшісі Қайырғали Арыстанғалиев арнайы қатысып, бәйгеге түсетін өнерпаздарға сәттілік тілеп, рухани кештің маңызын атап өтті.
Биылғы байқауда облыстың әр ауданынан келген он үміткер сахна төрінде Шәмшінің сырлы да сазды әндерін шебер орындап, көрермендердің ыстық қошеметіне бөленді. Әділқазылар талқысы нәтижесінде Бас жүлде Мәртөк ауданынан келген талантты әнші Серік Жұбатқанға табысталды. І орын Темір ауданынан келген Жеңіс Орынбасарға, ІІ орын Мұғалжар ауданының өнерпазы Жарқынай Сағыноваға, ал ІІІ орын Хромтау ауданының әнші қызы Мадина Битимоваға бұйырды.
Сонымен бірге біздің ауданның үмітін арқалаған өнерпаз Есет Әлімжан мен Әйтеке би ауданынан келген Нұртай Аманбек байқаудың арнайы жүлдесін иеленіп, барлық қатысушылар алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Кешке жиналған көпшілік Шәмші Қалдаяқовтың жүрек тербеген әуендеріне сусындап, қазақ елінің рухани қазынасының шынайы құндылығын тағы бір сезінді. Ұлы композитордың өлмес шығармаларын дәріптейтін бұл дәстүрлі байқау – өткен тарих пен бүгінгі өнерді жалғап, келер ұрпаққа аманат болар мәдениеттің мағыналы көпірі.
Әуезді әнмен әрленген әсерлі кеш тыңдарманын тербеп, Шәмші мұрасының құдіреті уақыт озған сайын жаңарып, халық жүрегінде мәңгі жасай беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қарғалы-АҚПАРАТ






