РУХАНИЯТ ЖОЛЫНДАҒЫ 25 ЖЫЛ

Адам баласының өмірдегі ең мәртебелі міндеттерінің бірі – туған жеріне шынайы қызмет етіп, ел игілігіне үлес қосу. Осы бір асыл ұстанымды өмірінің басты арқауына айналдырып, Қосестек ауылында руханият шамын жағып келе жатқан тұлғалардың бірі – Момын-ата мешітінің имамы, 25 жылдық еңбек өтілі бар Асылбек Аманғосұлы Бертлеуов.
Ағымдағы жылдың 24 қарашасында облысқа арнайы сапармен келген ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде дін қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиын барысында рухани салаға сүбелі үлес қосып жүрген 14 маман «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 35 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Сол тізімнен біздің ауыл имамының лайықты орын алуы – көптің қуанышы, ел мерейінің үстем болған сәті.
Асылбек Аманғосұлы 1971 жылдың 15 наурызында Шалқар ауданы Жыланды стансасында дүниеге келген. Көп балалы шаңырақта өсіп, адалдық пен еңбекті ту еткен ата-ананың тәрбиесін көрді. Әкесі Аманғос – мектеп директоры әрі ұстаз, ал анасы – сол білім ордасының тазалығына жауапты, еңбексүйгіш жан.
1987 жылы Шалқар қаласындағы №40 мектептің 8-сыныбын тәмамдаған соң, Ақтөбедегі №8 кәсіптік-техникалық училищеде құрылысшы мамандығын меңгерді. Әскерге барып келгеннен кейін бірнеше жыл құрылыс саласында абыроймен қызмет етті.
1996 жыл – оның тағдырындағы ерекше бетбұрыс кезең. Жүрегі иманға бет бұрып, құлшылыққа ден қоя бастайды. 1998 жылы Ақтөбе қаласының мешітінде алғашқы діни сауатын ашып, ұстаздарынан тәлім алды. Жас жігіттің талабын, ынтасын байқаған орталық мешіттің бас имамы Зия Юсуф оған Қосестек ауылындағы Момын-ата мешітінде имамдық қызмет атқаруды ұсынады. Осылайша рухани жолдағы сапары басталады.
Қызметін жалғастыра жүріп, Алматы қаласындағы Ислам білім жетілдіру институтында біліктілігін арттырып, діни білімін тереңдетеді. Ширек ғасырды артқа тастаған бұл еңбек жолы бүгінде жемісін беріп отыр. 2025 жылы ҚМДБ-ның Алғыс хатымен марапатталуы – сол қажырлы еңбектің айқын дәлелі.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз Асылбек – 3 ұл мен 1 қыздың әкесі, 3 немеренің сүйікті атасы. Ауылға қадірлі, жамағатқа жанашыр, ақылымен де, ісімен де елге үлгі азамат. Оның іргелі қызметінің нәтижелі болуына ауылдас жұртшылықтың қолдауы да ерекше ықпал еткен.
Аймақтағы белгілі кәсіпкер, ел ағасы Қали Исмайлов 1996 жылы Момын-ата мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, келесі жылы ауыл халқының игілігіне ұсынған еді. Сол күннен бері мешітті күтіп ұстау мен дамытуға демеушілік жасап келеді. Ауыл тұрғындары да әрдайым бірліктің үлгісін көрсетіп, имамның рухани бастамаларына қолдау білдіріп келеді.
Ширек ғасыр бойы ауыл адамдарының жүрегіне имандылық сәулесін сеуіп келе жатқан имамның марапатталуы – оның жеке жетістігі ғана емес, барша Қосестек жұртының ортақ қуанышы. Тиянақты қызметі, сабырлы болмысы мен жамағатқа деген адалдығы оны көптің сүйікті тұлғасына айналдырды.
Олай болса, Алла тағала еңбегіне береке дарытып, рухани жолын нұрға бөлесін!
Бақыт ИМАШЕВ





