ДӘРІГЕР БОЛУ — ЖҮРЕК ТАҢДАҒАН ЖОЛ

Тәуелсіздік күні – елдің рухын асқақтатып, жарқын жетістіктерді саралайтын әрі жаңа мақсаттарға жол ашатын айрықша мереке. Осындай маңызды күн қарсаңында аудандық аурухана ұжымы да қуанышты жаңалықтарымен бөлісіп отыр. Ел медицинасының дамуына бағытталған мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірімізге жас, білікті мамандар келіп, ақ халатты жандар қатары толыға түсті. Бұл – ауыл-аймақтағы медициналық қызмет сапасын жақсартуға жасалған тағы бір сенімді қадам.

Бүгінде аудандық аурухана халық денсаулығын қорғау ісін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп, кадр құрамын жігерлі де жауапты жас дәрігерлермен толықтырды. Емдеу мекемесі тәжірибесі бар, кәсіби дайындығы жоғары жас мамандарға сенім артып, олардың әлеуетін халық игілігіне бағыттауда. Көпжылдық білім мен тәжірибеден өткен жас мамандар енді жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсартуға өз үлестерін қосуға дайын.

Аурухана құрамына офтальмолог Жанболат Сағынаев, жалпы тәжірибелік дәрігер және психиатр Аманжол Хамитов, сондай-ақ жалпы тәжірибелік дәрігер Рахымжан Жексенғалиев қосылып, медициналық қызмет сапасын арттыруға тың серпін беруде.

Ал жас мамандардың қатарында елге адал қызмет етуді өмірлік мақсатына айналдырғандардың бірі – Жаналинов Рауан Махмұтұлы. Бүгінде ол Ащылысай ауылдық округінде жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етіп жүр. Өз ісіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын Рауанның таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігі, жүрек қалауымен келген дәрігерлік жолы – талай жасқа үлгі. Оның азаматтық ұстанымы мен талапшыл еңбегі ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамалардың бірі болып отыр.

Рауан Махмұтұлы 2001 жылдың 31 қаңтарында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар, адамдарға көмек көрсетуді мақсат еткен оның дәрігер болсам деген арманның бүр жаруы да мектеп қабырғасынан басталды. Атырау облысы Мақат ауданында 1–9 сыныпта білім алып, кейін Ақтөбе қаласындағы №45 орта мектепті 2018 жылы аяқтауы — үлкен өмірге жол ашқан кезең.

Дәрігерлік мамандықты таңдауы да кездейсоқ емес. 7–8 сыныпта-ақ медицина саласына деген ерекше қызығушылық пайда болып, жүрек қалауы оны Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина Университетіне жетеледі. Осылайша бала арманы шынайы мақсатқа айналды.

Медицина саласындағы 7 жылдық білім жолының 5 жылында бакалавр дәрежесін алып, еңбекке ерте араласқан Рауан медбрат ретінде де тәжірибе жинақтайды. Ал интернатураны толық аяқтаған соң, елге қызмет етемін деген ниетпен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерде еңбек ету туралы шешім қабылдайды.

Бүгінде ауданымызға қарасты Ащылысай ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде қызмет жасауда.

Аудандық аурухананың бас дәрігері мен округ әкімінің қолдауымен баспана мәселесі де шешіліп, жас маманның алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік жасалған.

Кейіпкеріміздің өсу жолына тағылымды тәрбие берген ата-анасының еңбегі зор. Әкесі — Махмұт Жаналинов 30 жылдық тәжірибесі бар, газ саласының білікті инженері. Ал анасы — Ботагөз Жаналинова 25 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі дәрігер, бүгінде Ақтөбе қаласындағы ТТиК емханасының балалар бөлім меңгерушісі әрі иммунолог. Рауан отбасындағы 3 баланың ортаншысы. Өзінен үлкен ағасы мен қарындасы бар. Отбасындағы еңбекқор ата-анасының ықпалы Рауанның маман ретінде қалыптасуына әсер еткені сөзсіз.

Ащылысай ауылына жас дәрігердің келуі — ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. Ол қысылтайын шақта көмек көрсетіп, әр науқастың мұң-мұқтажын тыңдай білетін, біліктілігі мен адамгершілігін қатар ұстаған маман ретінде танылып келеді. Қазіргі таңда жас дәрігер мемлекет тарапынан берілетін біржолғы көтерме ақыға да өтінім беріп, ауылдық медицина сапасын арттыруға ынтамен кірісуде. Оның жұмысына деген жауапкершілігі мен ұқыптылығы  ауыл тұрғындарының да көңілінен шығуда.

Жас маман болумен қатар, кейіпкеріміз жақында ғана отбасын құрған. Жары Фатима да – медицина саласының түлегі. Шаңырақ көтергендеріне небәрі алты ай болса да, олар ауылға үлгі болар жарасымды жұпқа айналып үлгерді.

Ел тәуелсіздігінің 34 жылында Қазақстан талай белестерді бағындырды. Сол жетістіктердің әрқайсысында өз ісіне адал, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын Рауан секілді жастардың үлесі зор. Олар – мемлекеттің дамуына дем беретін күш, ауылға жан бітіріп, халықтың алғысына бөленіп жүрген шынайы еңбектің иелері.

Олай болса, Ащылысай ауылына келіп, ақ халатымен бірге үлкен сенім мен аманатты арқалаған жас дәрігердің еңбегі — тек бір адамның қызметі емес, ауылдың да дамуына қосылған зор үлес. Рауанның білімі мен білігі, жауапкершілігі мен ізгі ниеті ауыл тұрғындарының үмітін ақтап, талай жанға қуат сыйлары даусыз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА