МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЛЫ БЕЛГІСІ

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай ауданымызда ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті.

Егемен еліміздің мәртебесін айшықтайтын қасиетті рәміздерге құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған мерекелік жиынға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен аудан жастары қатысты.

Орталық саябақта өткен салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов қатысып, мерекенің маңызын бірге бөлісті.

Іс-шараның шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімімен ашылды. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран шырқалған сәтте жиналған жұрт ерекше тебіреніске бөленді. Бұл көрініс ел тәуелсіздігінің басты нышандарына деген құрметті арттырып, Отансүйгіштік рухты нығайта түсті.

Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың азаттыққа ұмтылған арманын, ел бірлігі мен ұлттық болмысын бейнелейтін қастерлі құндылықтар. Сондықтан олардың мәртебесін асқақтату, мәні мен маңызын кейінгі ұрпаққа дәріптеу – әрбір адамның азаматтық парызы.

Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты. Концерт барысында туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген адалдықты насихаттайтын патриоттық әндер орындалып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын көрінісі, ұлттың рухани тұтастығын танытатын қасиетті нышандар. Оларды қадірлеу мен құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерМереке