РӘМІЗДЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ЖАСТАР

Өткен аптада Мемлекеттік рәміздері күніне орай аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында «Рәміздер – ел мақтанышы» атты интеллектуалдық квиз сайысы өтті.

Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, олардың тарихи мән-маңызын кеңінен насихаттау және жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру болды.

Зияткерлік сайыста қатысушылар бірнеше кезең бойынша білімдерін сарапқа салып, ел тарихы мен мемлекеттік рәміздерге қатысты сауалдарға жауап берді. Сайысқа қатысқан командалар өздерінің жан-жақты дайындықтарын көрсетіп, жоғары белсенділік танытты.

Шара аясында аудандық музей қызметкері Қымбат Тасымова жастармен танымдық кездесу өткізіп, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның дүниеге келу тарихы, олардың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы орны мен рухани маңызы жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітті. Кездесу қатысушылардың тарихи танымын кеңейтіп, елдік нышандарға деген құрмет сезімін тереңдете түсті.

Қызықты да тартысты өткен сайыс қорытындысында «Nomads» командасы үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Ал «Алатау» командасы екінші орынға тұрақтаса, «Шабыт» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

– Осындай тағылымды іс-шаралар жастардың бойында туған елге деген сүйіспеншілікті нығайтып, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелейді. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің айғағы. Сондықтан оларды құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы,–дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Ақтолқын Елемесқызы.

Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған мұндай игі бастамалар жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға да зор ықпал етеді.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерСайыс