ЖАЗДЫҢ ӘР КҮНІ – БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ

Жаз мезгілі – балалар асыға күтетін ең тамаша кезеңдердің бірі. Бұл – жаңа әсерлерге толы, қызықты оқиғаларға бай, ұмытылмас естеліктер сыйлайтын уақыт. Бірі ауылдағы ата-әжесінің жанында демалса, енді бірі табиғат аясында серуендеп, суға шомылып, достарымен ойын-сауыққа кенеледі. Сондықтан өскелең ұрпақтың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру бүгінгі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.
Осы орайда ауданымыздағы балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылатынын білу мақсатында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсеновамен әңгімелескен едік.
– Жанна Сағитжанқызы, балалардың шат күлкісі – қоғамның басты байлығы десек, биыл аудан оқушыларының жазғы демалысы қалай өтпек?
– Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Биыл ауданның 12 мектебінде барлығы 2386 оқушы білім алды. Оның ішінде 2246 оқушының жазғы кезеңді алаңсыз әрі пайдалы өткізуіне қажетті жағдайлар жасалып отыр.
–Мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы қалай ұйымдастырылуда?
– 1 маусымнан бастап барлық 12 мектеп жанындағы жазғы лагерьлер өз жұмысын бастады. Лагерьлерде 104 бала ыстық тамақпен қамтылса, 700 оқушы күндізгі демалыс алаңдарына қатысады. Балалардың бос уақытын мазмұнды өткізу үшін түрлі танымдық, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.
– Жалпы жазғы демалыс қандай бағыттарды қамтиды?
– Аудан мектептерінде жазғы демалыс бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Оқушылар туристік-танымдық саяхаттарға қатысады, еңбек жасақтарының құрамында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартылады. Сонымен қатар түрлі мәдени-спорттық және шығармашылық шаралар жоспарланған.
– Әлеуметтік осал санаттағы балаларды қамту мәселесі қалай шешілуде?
– Бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жергілікті бюджет есебінен биыл әлеуметтік осал топқа жататын 128 бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұдан бөлек, 24 баланы жазғы емдеу-сауықтыру орталықтарына жіберу жоспарланған.
– Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін тағы қандай жұмыстар қолға алынбақ?
– Аудандағы үш қосымша білім беру ұйымында 500 бала шығармашылық үйірмелер мен ойын алаңдарына тартылады. Сонымен қатар 400 оқушы туристік және экскурсиялық сапарларға қатысады. Балалардың ауданымыз бен облысымыздың көрікті және тарихи орындарын өз көздерімен көріп, туған өлкенің бай мұрасымен танысуына мүмкіндік жасау көзделіп отыр.
– Оқушыларды еңбекке баулу бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Жазғы кезеңде 450 оқушы еңбек жасақтарының құрамында жұмыс істейді. Олар мектеп аумақтарын абаттандыруға, көгалдандыруға және тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысады. Сонымен қатар еріктілер қозғалысы аясында қарттарға және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады.
– Балалардың қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұратыны белгілі. Бұл бағытта қандай шаралар қабылданған?
– Әрине, балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Барлық демалыс орындарында сақтық шаралары толық қарастырылған. Қажетті келісімдер тиісті мекемелермен жүргізіліп, жауапты мамандар бекітілді. Медицина қызметкерлері мен кезекшілер балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау үшін жұмыс істейді. Сондықтан ата-аналар балаларының демалысына алаңдамаса болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Жаз – балалық шақтың ең жарқын мезгілі. Сондықтан әр баланың демалысы қызықты оқиғаларға, жарқын әсерлерге және пайдалы істерге толы болуы маңызды.
Ауданда қолға алынған ауқымды жұмыстар оқушылардың жазғы уақытын мазмұнды өткізіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытып, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік береді. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі – атқарылған істің ең басты нәтижесі болмақ.
Бақыт ИМАШЕВ







