ҚАЛАМ МЕН УАҚЫТ ҮНДЕСКЕН ЖЫЛДАР

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзі қай кезеңде де өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені газет – жай ғана ақпарат құралы емес. Ол – уақыттың шежіресі, қоғамның айнасы, елдің өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір.

Биыл ауданымыздың төл басылымы – «Қарғалы» газетінің жарық көргеніне 60 жыл толып отыр. Бұл – бір редакцияның ғана емес, тұтас аудан жұртшылығының мерейтойы. Алпыс жыл бойы басылым ауданның тыныс-тіршілігін, еңбек адамдарының өнегелі жолын, әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдениеті мен руханиятын үзбей жазып, ел өмірінің шынайы шежіресіне айналды.

Газет атаулының міндеті қашанда биік болатын. Әсіресе сонау алпысыншы, жетпісінші жылдары қатардағы газет тілшісінің өзі, сынға ұшырап жүрген мекеме, кәсіпорын басшыларын редакцияға шақырып алушы еді. Олар да еш сылтаусыз, үлкен лауазым иесі болса да бірден жетіп келетін.

Біздің «Қарғалы» газеті ашаршылық, қырғын соғысты жазбаса да Кеңестік дәуірдің пәрменді идеологиялық саясаты жүріп тұрған тұста, күн көсемінің құрметіне «Ленинец» деген құрметті атпен жарық көрген облыстағы ең жас газеттің бірі. «Газет бір күндік, сөзі мың жылдық» дегендей, Ленин ауданына 32 жыл ресми тілде еңбек еткен аудандық газеттің алғаш саны 1966 жылы 1 шілдеде жарық көрді.

Кезінде аптасына 3 рет жарық көретін газет аудан еңбеккерлерінің еңбегін паш етіп, жаңалық жаршысы бола білді. Заманына сай тілшілер қолмен жазып, әріп терушілер жазу машинасын сартылдата басып, ауыл тынысы жария болып жатты. Талай күнді таңға ұластыра, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен, Қазақстанда өткен тарихи материалдарды телетайп машинкасының жанында қалып-шұлғып күтіп отыра, газет бетіне жария еткен машақаты көп қызықты да қиын сәттер сол кездері газетте еңбек еткен ардагерлердің әлі есінде.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап мемлекеттік тілге бет бұрдық, жерді, суды қазақыландырдық. Аудан атауы да «Қарғалы» өңірімен аталды. 1998 жылдың 24 наурыз айында газет «Қарғалы» болып аталып, екі тілде жарық көре бастады. Аталуы қазақы басталғанымен мемлекеттік тілде жазатындар болмай қиындықтар болғаны да жасырын емес. Қалай десек те, қандай атаумен жарық көрмесін талай адам шағын газет шашырап шықпауы үшін тер төкті. Жарты ғасыр ауыл-аймағы үшін жарыққа шыққан газеттің сарғайған беттерін парақтасақ алпыстан аса адам еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдырғанын аңғару қиын емес.

Ал, менімен әріптес болғандар да баршылық. Соларды еске алсам айтар қиындықтар мен қызықтар бір газетке жүк болар еді. Шындығын айтқанда осы газет балалық шақтағы арманымды ақиқатқа айналдырған, он алты жыл шабытымды шыңдаған, мен үшін киелі басылым болып есте қалары анық. Балалық шақтан бастап жазсам да газет сыртындағы тілші болып келген едім.

2000 жылдың 3-наурызында редакцияға келген кезде қазіргі облыстық «Актюбинский  вестник» газетінің Бас редакторының орынбасары, ауданға белгілі, облысқа танымал журналист Ляззат Егібаева,  осы редакцияға еңбегі сіңген Виктор Шаляпин және есеп-қисаптың шебері Раушан  Бекбатыровалар  шағын ұжым болып қарсы алды.

Кезінде өзіндік машақаттар да болмай қалған жоқ. Жаңаша қоғам қалыптасты, жаппай жекеге өту, банкроттау басталды. Бірнеше жыл жұмыс жасаған аудандық баспахана жабылып, газет Ақтөбедегі баспаханадан шығатын болып сабылыс басталды. Жұмыс көзі жоқ, ауылдан адамдар жұмыс іздеп қалаға бет алды, газет таралымы күрт төмендеді, осындай қиындықтарда да газет өз жұмысын тоқтатқан жоқ.

Оған жан қиярлықпен еңбегі сіңген редактор, әрі тілші, әрі теруші, бір сөзбен айтқанда редакцияға қажетті бар маманды жоқтатпай, редакцияның бар жұмысын бір өзі атқарған өз кәсібінің майталманы, аудандағы жалғыз журналист Ляззат Егібаеваның табандылығы.

Екі жылда мені кәсіби журналист қатарына қосып кеткеніне ризашылығымды білдіремін. Осылайша мен де осы аралықта 3 жыл редакторлық қызмет атқардым.

Оқырман үшін газетке кім келіп, кім кеткені емес, қашан қайда көшіп-қонғанының да қажеті шамалы, газет бетінен іздейтіндері аудандағы жаңалық ақпараттың айқындығы. Расында, газетке мен келгені де еңбек еткендер жетерлік, аз да болса өз талаптарын байқады, газеттің нәзік құрылымына көз жеткізді, талап пен талантты ұштастыру машақатын сезгендер де болды. Газет қызметінің қиындығы жетіп артылады.

2000 жылдан бастап құлақтай көлемде жарық көрген газет 2005 жылдың жартысынан бастап «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-не қосылып, көлемі үлкейе бастады. Редакцияға өмір өткелінен өткен тәжірибелі маман, жаңа басшы келіп, жаңаша серпін берген Камшат Байханова күні бүгінге дейін газетті өрге, жас мамандарын төрге сүйреп келеді.

Айта кету керек, басшының мамандығы басқа сала болса да ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Қазіргі редакцияның күн санап, өркендеуіне қарап кезінде кем болдық деп айтудың өзі артықтау көрінеді.

Дегенмен де ұлы дана, ғалым Шоқан Уәлиханов айтқан емес пе: «Өткенің туралы ойлағаның – бүгінгінің қамын жегенің», менің де өткенге қысқаша шолу жасауым, жиырма сегіз жыл еңбек етіп, елге танытқан басылымның келешегіне сене, бізден кейінгілер біле жүрсін деген ниет. Оқырман қауым газеттің өткенін сәл де болса шолып өтті.

Бүгін таңдағы тынысымызға сәл тоқталсақ, біз де нарық жағдайына бейімделіп келеміз, жекеленгенімізге де біраз уақыт болып қалды. Іскер басшының арқасында газеттің жағдайы жадырай түсті. Өз ісіне тындырымды маман, қандай бағытта да жұмыс жасай алатындығын ауылдастарына дәлелдей алды. Мамандарын басшының өзі баулып, жолға салып тәрбиелеуде.

Газеттің жас мамандары Қанат Бахтияров пен Азамат Бубекеновтер бес аспап маман болып жетіліп келеді. Оларда «білмейміз, болмайды» деген жоқ, былайынша болмайтынды болғызады.

Жасыратыны жоқ, басында газет ауданның төрт бұрышына қоныс аударды. Мен қызмет еткен жылдары да ұжыммен бірге газеттерімізді  арқалап, он екі мәрте көшіп-қонуға тура келді. Бір ғимараттан екіншісіне ауысқан сайын газет жұмысының бір сәтке де тоқтамауы үшін бар күш-жігерімізді салдық. Соған қарамастан ұжымның ынтымағы мен газетке деген адалдығының арқасында басылым өз оқырманынан қол үзбей, уақыт талабына сай жарық көріп отырды.Тілшілер тапшылығын да көрді.

Тек 2013 жылдары Ақтөбе облысының аудандық газеттері жекеге көшкеннен кейін жандана бастады. Өткенді айтпай кетуге де болмайды. Кезінде Коммунистік партияның қолдауында болған газетті парақтап қарасақ, партияның идеологиясын әр газет нөмірінен оқуға болады. Ауыл еңбеккерлерін дәріптеп жазу сирек, болса да орыс тілінде жазылып келгені анық көрініп тұрады. Ал қазіргі тәуелсіздік кезіндегі «Қарғалының» қарымы да бөлек, ұлт мүддесі, ел дәулеті мен адал еңбек адамдарын жазып, жетістікті паш етіп жүрген басылымдардың бел ортасында.

Жалпы алғанда, аудандық «Қарғалы» газетінің 60 жылдық мерейтойы – тек басылымның ғана емес, тұтас аудан жұртшылығының тарихи мерекесі.

Алты онжылдық бойы елдің тыныс-тіршілігін, еңбек адамының жетістігін, уақыттың үнін халыққа жеткізіп келе жатқан газет талай буынның серігіне айналды. Мен үшін бұл басылымның орны ерекше. Осы газетте еңбек еткеніме 28 жыл толып отыр. Шындығында, ауданда ең алғаш қазақ тілінде қалам тербеген қаламгермін. Осы газетпен бірге өсіп, елге танылдым десем де болады.

Қалам тербеген жылдары аудан өміріндегі талай тарихи сәттің куәсі болдық, талайлармен әріптес болдық. Бүгінгі күні аудандық газетке қазақы рең беріп жүрген газет тілшісі, әріптес қарындасым Гүлжазира Мырзабекованың еңбегі бір төбе.

Жалпы алғанда баспасөз қашан да жаңалықтың жаршысы, қоғамдық пікірдің тамшысы, әр отбасының рухани жан серігі болып келеді.

Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау жолында, әлеуметтік-экономикалық салаларда атқарылып жатқан оң істер, қоғамдық-саяси өзгерістердің бәрі баспасөз құралдары арқылы жария етілуде. Бұл үрдісті аудан өмірінің айнасы «Қарғалы» газеті беттерінен де көруге болады.

Алпыс жылдық тарихы бар аудандық газет елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын жеткізген рухани мінбер болып қала беретіні сөзсіз. Уақыт өзгерсе де, елмен бірге жасап келе жатқан басылымның беделі мықты, таралымы тарылмай, әлі талай жазары мол, елінің сүйікті, асыға күтетін басылымы бола берсін деген ағалық тілегімді жеткіземін.

Әріптестерімді төл мерекелерімен және жарыққа шыққанына 60 жыл толғалы отырған «Қарғалы» газетінің мерейлі мерейтойымен құттықтай келе, шығармашылық табыс, зор денсаулық, амандық пен отбасылық бақыт тілеймін.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тегтер60 ЖЫЛ