ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ҮЗДІКСІЗ ҚЫЗМЕТ

Жыл бойы үздіксіз қызмет ететін коммуналдық саланың қыс мезгілінде жұмысы еселене түсетіні анық. Аудан орталығы – Бадамша ауылының тұрғындарына жайлы өмір сүруге жағдай жасап келе жатқан «Бадамша-Сервис» ККМ-нің жұмысы да осының айғағы. Осы орайда мекеме басшысы Санат Атеевпен хабарласып, атқарылып жатқан жұмыстар жайында мән-жайды білген едік.

 

   

Талай теперішті бастан өткерген мекеме жыл санап жетіліп, жұмысы жүйеленіп келеді. Тұрғындардың да атқарылып жатқан еңбектерге көңілі толады деуге толық негіз бар. Мекеме биылғы қыс маусымына тиянақты дайындықпен түскен.

Басшының берген мәліметіне сүйенсек, 2025–2026 жылдардың қыс маусымына орай аталмыш мекеме Бадамша ауылындағы бес жылу қазандығын толық жабдықтап, дайын күйге келтірген. Оның екеуі ауылдың орталық көшесінде орналасқан шағын жылу беру орындарында жұмыс істесе, үш қазандық мекеменің басты ғимаратынан жылу беріп тұр. Жылу жүйесінің жалпы ұзындығы – 9 шақырым 400 метр.

Бадамша ауылында көпқабатты үйлерде 852 абонент жылу жүйесін пайдаланады. Сондай-ақ бес әлеуметтік мекеме жылумен қамтылған. Ал Степной ауылында бір мекеме мен үш әлеуметтік нысан жылу жүйесін тұтынып келеді.

Мекемеде 40-тан астам адам еңбек етеді. Жұмыс барысында 2 экскаватор, 1 МТЗ тракторы, 1 ассенизатор автокөлігі және 5 жеңіл автокөлік пайдаланылуда. Биылғы жылы қосымша бір «Соболь» автокөлігі алынған.

Сонымен қатар, мекеме биыл жаз айларында Бадамша ауылындағы кәріз (қоқыс ағатын) жүйесін жаңартуды жоспарлап отыр. Атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берген мекеме басшысы Санат Тұрсынұлы тұрғындарға ескерту де жасай кеткен еді.

Расында, «Судың да сұрауы бар» демекші, бүгінгі таңда тұрғындар арасында жылуға берешек қарыз көлемі 867 930 теңгені құраса, ыстық су бойынша қарыз 300 000 теңгеге жеткен. Біздің қосарымыз, «Алмақтың да салмағы бар» дегендей, төлемді уақытылы жасаудың маңызы зор.

Аудан орталығы тұрғындарын жылу және ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіп отырған мекеменің еңбегі халықтың тыныштығы мен тұрмыстық жайлылығына тікелей ықпал етіп келеді. Осындай маңызды әрі жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген еңбек адамдарының еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Бақыт ИМАШЕВ