АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ НАЗАРДА

«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында аудан тұрғындары үшін қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелерін тыңдап, заң аясында түсіндіру және нақты көмек көрсету.
Қоғамдық қабылдау барысында ауыл тұрғындары әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, аудан тұрғыны Болатбек Серғалиев Хромтау қаласы бағытына қарай мал айдауға арналған жол белгілерін орнату қажеттігін жеткізді. Жеке қосалқы шаруашылығымен айналысып, жылқы ұстайтын азамат бұл мәселенің жол қауіпсіздігі мен мал шаруашылығын жүргізу тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ, үйінде өрт шығуына байланысты қазіргі уақытта жалдамалы пәтерде тұрып жатқан Лидия Удод қалыптасқан жағдайға байланысты қандай әлеуметтік жеңілдіктер мен қолдау шараларын алуға болатындығы жайында сауалын жолдады. Тиісті сала мамандары қолданыстағы заңнама шеңберінде түсіндірме беріп, мүмкін болатын көмек түрлерін нақтылап өтті.
Іс-шараға аудан прокуроры Ернар Урекешов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Максат Сидакин, жеке нотариус Ерлан Айтпаев, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Бижанова, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары қатысып, тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Қоғамдық қабылдау тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтып, ауыл халқының құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етті. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда.
Қарғалы-АҚПАРАТ





