ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет

Өткен аптада Германияға ресми сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші Berlin Global Dialogue форумына қатысты. Сондай-ақ Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесуіне қатысып, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Бірінші Berlin Global Dialogue форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көшбасшылар диалогы» сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты. Мемлекет басшысы аталған форумның дер кезінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
– Ондаған жылдар бойғы жаһандану мен интеграция үдерісінен кейін әлем қазір бетбұрыс кезеңінде тұр. Қақтығыстар, геосаяси шиеленістер, нарықтардағы келеңсіздіктер және сауда саласындағы даулар әлемдік саяси және экономикалық тұрақтылыққа сызат түсіруде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе адамзат дүниежүзілік сауданың бұрын-соңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басым бөлігін еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне арнады.
– Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті форум қатысушыларына ұлттық экономиканы дамытудың перспективалары туралы мәлімет берді.

– Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент форумға қатысушылардың назарын Қазақстанмен экономикалық серіктестік орнатуға жол ашатын перспективаларға аударды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе «Орта дәліз» аймақтағы сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт қазіргі қолданыстағы теңіз жолдарымен тасымалданатын тауарлардың транзиттік уақытын екі есе қысқартады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын айтты. Бұл салада да ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

– Германия мен Швецияның бірлескен Svevind компаниясы жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіруге бағытталған Қазақстандағы жобасына 50 миллиард доллар инвестиция салып отыр. Бұдан бөлек шикізат пен руданы жергілікті жерде өңдеп, содан кейін Еуропа Одағына мүше елдерге экспорттауға дайын кәсіпорындар үшін инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады. Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны бұл ұсыныстың тиімділігін арттыра түседі, – деді Президент.

Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның, шын мәнінде, жаһандық және сенімді сауда-экономикалық серіктеске айналғанына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы баршаға ортақ өркендеген әрі инклюзивті болашақ құру үшін күш жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.

– Биылғы жылдың маусым айында менің бастамаммен бірінші Астана халықаралық форумын өткіздік. Бұл бірегей әрі инклюзивті алаң геосаяси тұрғыдан жікке бөлініп жатқан жағдайда жаһандық ынтымақтастық пен диалогты ілгерілету үшін құрылды. Berlin Global Dialogue және Астана халықаралық форумы – Еуропа мен Еуразиядағы халықаралық диалог үшін маңызды алаңдар. Олар өздерінің жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған күш-жігерін жандандыра алады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

         Ресми іссапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесуіне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «С5+Германия» диалогын өткізу өте өзекті екенін атап өтіп, ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейтуді басты міндет ретінде атады.
– Германиямен жалпыаймақтық сауда-саттық қарқынды дамып келеді және өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші 11 миллиард долларды құрады. Осы тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Біз ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион доллар болатын қосымша 100 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайынбыз. Бұл жерде мұнай химиясы, металлургия, тамақ өнеркәсібі өнімдері туралы сөз болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы санкциялық текетірестерді айыптап, шектеусіз және кедергісіз сауда-саттықты жақтады.

– Қазақстан санкциялық текетірестерге қарсы. Өйткені саяси тұрғыда негізделген шектеулер халықаралық қатынастардағы жалпы ахуалға сызат түсіреді және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына кері әсер етеді. Сонымен бірге біз аймақтық саясаттағы санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүрміз. Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың өзара тиімді формуласын табу үшін сындарлы дипломатияның уақыты келді деп санаймыз. Мен бұл туралы жуырда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының мінберінде сөйлеген сөзімде айттым. Қазақстан барлық мүдделі мемлекетпен арадағы кедергісіз сауданы дамытуды және инвестициялық ынтымақтастық орнатуды жақтайды. Құрметті Канцлер, кеше экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде Сізбен және Германияның жетекші компанияларының басшыларымен табысты келіссөз жүргіздім. Мұндай ықпалдастықтың келешегі жарқын болады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Германиялық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құруды ұсынды. Оның айтуынша, аталған орталық теориялық әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізуге және коммерцияландыруға септігін тигізе алар еді.
Мемлекет басшысы инвестициялық серіктестікті одан әрі дамытудың перспективасы зор екеніне назар аударып, аймаққа Германияның ірі банктерін тарту инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Сонымен қатар Президент көлік-транзит саласында тиімді ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталды.

– Бүгінде Орталық Азия аймағы жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді. Осы ретте өңір «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс» бағыттары бойынша құрлық көпірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе Транскаспий бағдарын дамытудың және оны Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың маңызы арта түсті. Ортамерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау ағынының көлемі бес есе артар еді. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Германиялық серіктестерді Транскаспий бағдары мен Каспий теңізі порттарын дамытуға, сондай-ақ бірлескен кеме өндірісін қолға алуға және логистикалық орталықтар ашу ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан кәсіпорындары әлемдік нарықтағы титан мен басқа да материалдарға деген тапшылықтың орнын толтыруға әзір.

Мемлекет басшысы экология саласы мен «жасыл» экономиканы дамытуды ықпалдастықтың келесі маңызды бағыты ретінде атап өтті. Президент Астанада аймақтағы барлық елді қамтитын Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашқаны үшін неміс тарапына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Германия Үкіметінің «Жасыл Орталық Азия» бастамасына жоғары баға берді. Бұл «Орталық Азияға арналған су бастамасы» жобасының жалғасы саналады.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты Орталық Азия аймағы үшін аса қауіпті сын-қатерлерге назар аударды. Мемлекет басшысы Германияның жеке жобалары арқылы, сондай-ақ Еуропа Одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдар аясында осы және өзге де қауіп-қатерлерге тойтарыс беру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады.
Қазақстан Президенті Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды. Оның пікірінше, бұл елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін қолдауды жалғастыру қажет. Осы ретте Президент Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды екенін айтты.

***

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның табандылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты.
Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.

– 2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты тағы бір перспективті бағыт ретінде атап өтті. Сондай-ақ «жасыл» сутегінің әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Қазіргі уақытта Германия мен Швецияның бірлескен Svevind Group компаниясымен «жасыл» сутегін өндіру жөнінде сомасы 50 миллиард доллар болатын келісім жасалды. Бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Алдағы уақытта «жасыл» сутегі өндірісі «жасыл» болат, алюминий және басқа да металдарды өндіруге жол ашуы мүмкін. Президент Германияның технологиялық шешімдерін Қазақстанның табиғи және адами ресурстарымен ұштастыру жоғары нәтижелерге жеткізетініне сенім білдірді.
Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – көлік-логистика әлеуетін пайдалану. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа геосаяси жағдайда Еуропа мен Азия арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін «Орта дәліздің» маңызы артып келеді.
Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

– Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға әртүрлі салада, соның ішінде биотехнологияға және тыңайтқыштар өндіруге, спутник арқылы зондтауға және жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға, ирригацияға, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне, генетика мен жаңартылатын энергия көздеріне маманданған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты IT технология саласы бола алады. Президент Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді.

– Біз IT өнімдер мен қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды және 2025 жылға қарай жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті 100 мың IT маман дайындау арқылы адами капиталды нығайтуды жоспарлап отырмыз. Біз германиялық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың бірнеше бағыты бойынша, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, білім беру, байланыстар және басқа да өзекті салалардағы жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент адами капиталды дамыту және инвестиция тарту мәселесін ынтымақтастықтың өзекті бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Адами капитал саласында қазірдің өзінде Каспий мемлекеттік университетінің жанынан Қазақстан-Германия инженерлік институтын және Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанынан Қазақстан-Германия ғылым және технология институтын ашу бастамасы көтерілді. Инвестиция тарту үшін Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңы арқылы шетел инвесторларына барлық мүмкіндікті жасап отырғаны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

www.akorda.kz