САДАҚ САЙЫСЫ: ДІН МЕН ДӘСТҮР ТОҒЫСҚАН АЛАҢ

Өткен аптаның жұмасында аудандық “Ас-Самиғ” мешітінде садақ атудан жарыс өтті.

Іс-шараны ҚМДБ Жастар секторының жауапты маманы, мешіт имамы Нұрлан Қырықбаев “Дін мен дәстүр” бағыты аясында ұйымдастырды.

                         

Садақ ату – мергендік пен шеберлікті талап ететін спорт түрі. Бұл өнер 1990 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарының ресми бағдарламасына енген. Садақ атқанда жеңіске жету үшін төзімділік, мықтылық, көздің өткірлігі мен қырағылық қажет. Бұл спорт түрі тек денсаулыққа пайдалы ғана емес, адамның рухын шыңдап, жігерін жаниды.

Тіпті ислам дінінде де садақ ату ерекше мәнге ие. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Садақ ату мен атқа мінуді үйреніңдер” – деп өсиет еткен. Тіпті садақ ату турасында үш рет қайталап айтқаны бұл істің сүннет амалдардың бірі екенін көрсетеді.

Жарыстың мақсаты – ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту, сүннет амалдарды насихаттау және жамағат арасындағы ынтымақты арттыру.

                                     

Бұл спорттық шараға 16 үміткер қатысты. Сайыс барысында қатысушылар өз мергендігін сынап, нысанаға дәл тигізуге тырысты. Нәтижесінде ең көп ұпай жинағандар арасында І орынды – Нұрболат Бекентаев, ІІ орынды – Избасар Бисенбаев,  3 орынды – Рүстем Бегентай иеленді. Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл игі бастама жастардың қызығушылығын оятып, ұлттық спорт түрлеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсті.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерСайыс