«ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» атанды

Ұстаздар күні мерекесіне орай, облыстың білім саласының дамуына зор үлес қосқан мұғалімдер мен зейнеткерлер сый-құрметке бөленіп, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

         Құрметке бөленгендердің қатарында ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен  ардагер ұстазымыз Найля Сәрсенғалиқызы да бар.

Мереке иелеріне төсбелгілерді облыс әкімі Асхат Шахаров табыс етті. Сондай-ақ, облыс басшысы қабылдауында болған ұстаздарға алғысын білдіріп, олардың қоғамдағы рөлін сөзге тиек етті.

-Ұстаздарды ұлықтап, қадір тұту, құрметтеу – парыз. Кез-келген азаматтың тұлға болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосатын ұстаз – мамандықтың төресі. Біздің өмірімізде әрқайсымыздың білімге деген құштарлығымызды оята білген Ұстазымыз бар. Жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан Сіздердің мол тәжірибелеріңіз бен білім-біліктеріңіз жас ұстаздарға үлгі. «Алдыңғы жақсы, артқы жасқа тәлім-тәрбие айтпаса, ел болғаның қайсы», деген екен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Сіздерге жас ұрпақты оқытудағы қажырлы еңбектеріңіз бен мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңызға шын жүректен алғысымды білдіремін,-деді облыс әкімі.

Найля Қожақованың есімі ауданымызға етене таныс. Ардагер ұстазымыз өзінің өмір жолының қырық жылын  осы ауданымыздағы білім саласының өркендеуіне жұмсады. Сонымен қатар, ұстаз «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин», «Шапағат», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» сынды төсбелгілерінің иегері.

Айта кету керек ел мүддесін өз мүддесінен биік қойған ардагер ұстаздарымызға құрмет артық етпейді. Сондықтан да, ұстаз мәртебесі қашан да биік бола бермек.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.