ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Елімізде жыл сайын 15 қарашада ұлттық валютамыз айналымға енген күн мен қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қатар атап өтіледі. Бұл күн – ұлттық валютамыздың қалыптасу тарихына құрмет көрсету ғана емес, қаржы саласында адал еңбектеніп жүрген мамандардың кәсіби жетістіктерін паш ететін маңызды мереке.

Мерекеге орай аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың қатысуымен қаржы саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын өтті.

Аудан әкімі құттықтау сөзінде қаржы саласының тұрақтылығы мен тиімді жұмыс істеуі өңірдің экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Ол сала мамандарының кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігін, күнделікті атқарып жүрген еңбектерінің маңыздылығын ерекше атап, олардың жұмысы ауданның өркендеуіне айтарлықтай үлес қосатынын жеткізді. Сонымен қатар, мамандарға алдағы қызмет жолында табыс, жаңа мүмкіндіктер мен биік нәтижелер тіледі.

Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, өз жұмысын жоғары жауапкершілікпен атқарып жүрген бірқатар мамандар марапатқа ие болды.

                   

Атап айтсақ, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі қаржы саласының ардагері, аудандық қаржы бөлімінің қызметкері Шәмшия Қасымоваға табыс етілді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатына ие болғандар қатарында Бадамша агротехникалық колледжінің бас есепшісі Жұлдыз Нұрболатова, Қарғалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Татьяна Сиротина, Кемпірсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нина Сагуйченко бар.

Ал «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі қаржы саласының ардагері Тарбия Казбаева мен статистика саласының ардагері Райхан Рахимоваға табысталды.

Сонымен қатар, аудан әкімінің алғыс хатымен тағы бір топ сала қызметкерлері марапатталды. Осындай жылы лебізге толы салтанатты жиын ауданның қаржы саласы қызметкерлеріне көрсетілген құрметтің, еңбегінің бағаланғанының айқын көрінісі болды.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерМереке