АУДАН ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫС САПАРЫ КЕМПІРСАЙ МЕН ВЕЛИХОВТА ЖАЛҒАСТЫ

Өткен аптада аудан әкімінің іс-сапары Кемпірсай мен Велихов ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

         Аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев аталмыш ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты.

Сапардың негізгі мақсаты – ауылдардың әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағалау, тұрғындар ұсыныстарын тыңдау және алдағы міндеттерді айқындау болды.

   

Ең алдымен Кемпірсай ауылдық округінде өткен кездесуде аудан басшысы округ әкімі Нұралы Жамековпен бірге биыл атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалар туралы есеп тыңдап, ауыл инфрақұрылымын жаңарту, көшелерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, білім және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдау, кәсіпкерлікке жағдай жасау және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері көтерілді.

                               

Одан соң аудан әкімі Ақжайық, Велихов ауылдарының халқымен кездесті. Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов округтің қазіргі дамуы мен жүзеге асқан шаралар және де жол жөндеу, абаттандыру, қоғамдық қауіпсіздік және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жайында баяндады.

Округтердегі кездесулер барысында тұрғындар көкейкесті сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі әрбір сұраққа нақты жауап беріп, шешімді қажет ететін мәселелерді жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Сондай-ақ сапар аясында ауыл тұрғындарының жеке қабылдауы ұйымдастырылып, әрбір өтініш жеке тәртіппен қаралды.

Ашық диалог форматында өткен бұл кездесулер жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы өзара түсіністікті арттырып, округтердің одан әрі дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналды.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерІс-сапар