АУДАННЫҢ АБЫРОЙЛЫ АЗАМАТЫ

Еңбегімен жерді көгертіп, ел ырысын арттырып жүрген ауыл шаруашылығының майталман еңбеккерлеріне деген құрмет – біздің өңірдің берік ұстанымы. Біздің өңір – облыстағы берекенің, маңдай тер мен тынымсыз еңбектің арқасында дамып келе жатқан нағыз еңбек ордасы. Әсіресе, ауыл шаруашылығы – жергілікті экономиканың басты тірегі, халық несібесінің бастауы.
Жылдың төрт мезгілінде бел шешпей жұмыс істейтін шаруашылық қызметкерлері 25 қазан – Республика күні қарсаңында лайықты марапаттарға ие болған еді. Осы ретте біз өңірдің өркендеуіне үлес қосып, туған жердің тынысын кеңейтіп жүрген еңбек адамдарының өмірі мен қызмет жолы жайында сөз етпекшіміз.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында 45 жыл тынбай еңбек етіп, ел құрметіне бөленген кәнігі маман, ұйымдастырушы, зоотехник, аудандық партия ұйымының екінші хатшысы қызметіне дейін көтерілген Байбосын Ешпанов – өңіріміздің “Құрметті азаматы” атағына ие болған лайық тұлға.
Байбосын Төрешұлы 1952 жылғы 23 ақпанда Хобда ауданының Бегалы ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты туған ауылында аяқтап, кейін Калиновка ауылындағы интернатта білімін жалғастырады. Әкесі Төреш Бегалы ұжымшарында еңбек еткендіктен, интернат балаларға жайлы болған кез.
1969 жылы мектеп бітірген ауыл баласы Орал қаласындағы БҚАТУ-дың (ол кездегі Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты) зоотехникалық факультетіне түсіп, үздік шәкіртақымен оқуын тәмамдайды. Институт талабына сай жас маман жолдамамен Ленин ұжымшарына келіп, осында еңбек жолын бастайды. Сол кездегі әріптестерімен әзіл-қалжыңы жарасып жүретін ол өз ісіне тиянақты маман ретінде көзге түсіп, ұжымдағы комсомол ұйымына жетекшілік етеді. 1976 жылы сол шаруашылыққа бас зоотехник болып тағайындалады.
1980 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, кейін басшының орынбасары қызметтерін атқарады. Ұйымдастырушылық қабілеті еленіп, 1985 жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымына көтеріледі. 1990 жылдардағы қиын кезеңде ауыл шаруашылығы тұралап, жас мамандар тұрақтамаған шақта тәжірибелі маман ретінде басқарма тізгінін қайта қолға алып, саланы қалыпқа келтіруге белсене атсалысты.
2015 жылға дейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарып, кейін зейнетке шығады. Жұбайы – 44 жыл аудандық ауруханада көз дәрігері болып қызмет еткен, елге сыйлы медицина саласының ардагері Айдай Биляиқызы.
Үш бала тәрбиелеп өсірген отбасының ұл-қыздары бүгінде ұстаз бен қаржы саласында еңбек етуде. Қос ардагер Ақтөбе қаласында тұрып, 8 жиен мен 3 немеренің қызығына бөленуде.
Кейіпкеріміз Байбосын Төрешұлы – І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Сондай-ақ көптеген Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған. Ол – жарты ғасырлық адал еңбегімен ел ықыласына бөленген азамат.
Бақыт ИМАШЕВ






