ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ҮЛГІ ӘЖЕ

Еңбекпен елді гүлдендірген жандардың ішінде сауыншылардың орны ерекше. Солардың бірі – Шәмші ауылының тұрғыны, бүгінде зейнетінің қызығын көріп, Мекке мен Мысырға дейін барып келген ардагер ана – Мария Есенғалиева.

Мария әжей 1940 жылы шілдеде Қосестек елді мекенінде дүниеге келген. Жасынан соғыстың ауыртпалығын көріп өскен екен. Әкесі қойшы болғандықтан, он жасында өзі де атқа мініп, тау жағалап қой баққан еңбекқор жан.

 

Мектепті толық бітірмесе де, өмір мектебінің шыңына шыға білді. 1959 жылы Олжай Есенғалиевпен отау құрып, Қызылсу ауылында еңбек жолын бастайды. 1972 жылы Шәмші ауылына көшіп келіп, жолдасы механизатор, өзі сауыншы болып кеңшардың берекесін кіргізген отбасыға айналады.

Өкінішке қарай, өмірлік серігі Олжай ағамыз 2020 жылы дүниеден өтті. Бірақ Мария әжей – ер жеткен екі ұл, бес қыздың анасы, бүгінде немере-шөберенің шаттығын көріп отырған ел анасы. Қыздары анасының ескі үйін бұзып, орнына кең, жарық жаңа үй салып берген. Мария әжей жасына қарамай, ауласында қырыққабат егіп, шағын кәсібін жалғастырып отыр. Кеңес заманында еңбегі толық бағаланбаса да, бүгінгі күні берекелі тұрмысына шүкіршілік етеді.

Ол – ІІІ дәрежелі «Батыр ана» медалі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. 8 немере, 11 шөбере сүйіп отырған абзал жан ауылдың мақтанышы саналады.

Бақыт ИМАШЕВ