ӨМІРІН ЖЕРМЕН БАЙЛАНЫСТЫРҒАН АБЗАЛ МАМАН

Арамызда ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, жердің қадірін терең түсінетін, еңбектің бағасын білетін жандар аз емес. Солардың бірі – саналы өмірін егіншілікке, жерге адал қызмет етуге бағыттаған Шәмші ауылының тұрғыны, тәжірибелі маман – Айдарбай Бикеев.

Бүгінде ел ағасы жасы келсе де, өзінің сүйікті ісін жалғастырып, “Сәт” шаруа қожалығын құрып, дамытуда. Мереке қарсаңында осы бір еңбегімен елге үлгі азаматтың өмір жолын сөз етпекшіміз.

Айдарбай Сағынұлы 1952 жылдың 12 қаңтарда дүниеге келген. 1964–1974 жылдары Ақырап ауылындағы орта мектепте білім алып, арман жолын Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне жалғайды. 1979 жылы оқуын аяқтаған жас маман алғаш еңбек жолын Исатай ауданы Қызылжар кеңшарында бригадир қызметінен бастайды.

1982–1983 жылдары туған жері Ақырап кеңшарында агроном болып еңбек етеді. Еңбекқорлығы мен біліктілігін бағалаған аудан басшылары оны 1987 жылы Исатай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына агрономдық жұмысқа шақырады. Бұл қызметте жүргенде ауылдағы кадр тапшылығын шешу мақсатында өз ауылына – Ақырап кеңшарына жіберіліп, бас агроном әрі директордың орынбасары ретінде кеңшардың жұмысын жүйелеуге атсалысады.

1991–2004 жылдары Исатай аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру бөлімінде бас маман болып жемісті еңбек етті. Ал 2004–2016 жылдар аралығында “Жанай” шаруа қожалығында агроном қызметін атқарып, еңбек жолын жалғастырады. Ауданның Хобдамен бірігу кезеңінде Александров ауылына қоныс аударған ол қысқа уақыт «Пацаев» ЖШС-де агроном болып еңбек етеді. Жердің жайын, топырақтың тілін жетік білетін Айдарбай 2016 жылы “Сәт” шаруа қожалығын құрып, оны бүгінгі күнге дейін дамытып келеді.

Қожалықта қазіргі таңда 5 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы жер көлемі 729 гектар, оның 219 гектары – егістік, 150 гектары – суармалы алқап. Бұл жерлерге картоп пен дәнді дақылдар егіледі. Шаруашылық сондай-ақ 30 бас ірі қара өсіріп, мал шаруашылығын да қатар алып келеді. Биыл қыстық мал азығына 700 тонна шөп дайындалып, 80 гектар жерден 50 тонна сафлор, ал 1250 тонна картоп жиналған. Картоптың біразы келер жылға тұқым ретінде қалдырылса, қалғаны тұрғындарға және қалаға сатылуда.

Отбасында үш перзент тәрбиелеп, барлығы да өз алдына шаңырақ болып, төрт құбыласы түгел. Немерелері де өсіп келеді, үлкені 11 сынып оқыса, кішілері мектеп табалдырығын аттап жүр.

Кейіпкеріміз еңбекке адал, туған жерінің табиғатын түсінетін, маңдай терін халқына арнаған азамат. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамның тірегі, жастарға бағыт-бағдар болар тұлға. Аға буынның өмір жолын дәріптеу – келешек ұрпақты елін сүйіп, жерін құрметтеуге тәрбиелеудің бір жолы.

Біздің өңір – түрлі ұлт өкілдерін ұйыстырып, бірлігін бекемдеген, еңбектің қадірін білген аймақ. Ауыл – елдің берекесі, еңбектің мектебі. Сол мектебінен шыңдалып, туған жерінің дамуына адал қызмет еткен азаматтар мен абыройлы аналардың өмір жолы – бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі. Еңбектің қадірін білген өңірдің өсіп-өркендеуі де осы қарапайым еңбеккерлердің маңдай терімен тікелей байланысты.

Олай болса, ел игілігі үшін адал терін төккен ауыл еңбеккерлерінің мерейі әрқашан үстем болсын демекпіз!

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі