ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ШЕШІМДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы және мәслихаттың кезектен тыс 39-шы сессиясы өтті.
Жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Сессия жұмысына аудандық мәслихаттың төрағасы Сапарбек Аманжолов жетекшілік етіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып өтті.
Алдымен тұрақты комиссиялардың отырысында аудандық бюджетке енгізілетін өзгерістер, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті түйткілдер мен оларды шешу жолдары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатты тиімді игеруі, сондай-ақ Бадамша агротехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар қаралды. Бұдан бөлек, бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер де талқыланды.
Кезектен тыс 39-шы сессияда бірінші мәселе ретінде Қарғалы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №253 «2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу ұсынылды. Аталған тақырып бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Искаков баяндама жасады.
Одан соң 2023 жылғы 30 наурыздағы №6 «Әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқық тәртібі және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссия құрамын бекіту туралы» шешімге өзгеріс енгізу мәселесі қаралды.
Сондай-ақ сессия барысында мәслихат төрағасы жаңадан сайланған депутат Қуаныш Құрмашевті депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне таныстырып, оның алдағы депутаттық қызметіне табыс тіледі.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті бөлім басшылары толыққанды ақпарат ұсынып, депутаттар тарапынан түскен ұсыныстар талқыланды. Дауыс беру нәтижесінде барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар мен шешімдер қабылданды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА




