АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАУДА

Бүгін, 23 тамызда еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқан – Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтуде. Бұл – әр азаматтың өз таңдауын жасап, елдің болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды саяси науқан.

Ауданымызда сайлау учаскелерінде дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, алғашқы сағаттардан-ақ тұрғындардың белсенділігі байқалуда.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Найля Қожақова сайлау барысына тоқталып өтті.

– Ауданымызда сайлау қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Таңғы уақыттан бері тұрғындар сайлау учаскелеріне белсенді келіп, өз таңдауларын жасауда. Әсіресе аға буын өкілдерінің белсенділігі байқалады. Мәселен, таңғы сағат 07:15-тегі мәлімет бойынша Әлімбет ауылында 101 сайлаушы дауыс беріп үлгерді. Аудан бойынша жалпы 16 сайлау учаскесі жұмыс жасап, 9872 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Қазіргі таңда сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп сақталып, заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Сайлаушылардың көңіл күйі жақсы, – дейді ол.

Комиссия төрағасының айтуынша, сайлаушыларға дауыс беруге қажетті барлық жағдай жасалған.

– Үйден дауыс беруге қазіргі таңда 210 азаматтан өтініш түсті. Өтініштерді қабылдау бүгін сағат 12:00-ге дейін жалғасады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы және «Пандус-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен Бадамша ауылындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №240 сайлау учаскесінде көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған дыбыстық хабарландырулар мен есік маңындағы маяктар, тактильді және аудиомнемоникалық диаграммалар, бағыт-бағдарды көрсететін сары түсті тактильді көрсеткіштер орнатылды. Сондай-ақ құлаққап, аудиожазба және лупамен жабдықталған арнайы бұрыш пен дауыс беруге арналған кабина қарастырылды. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскесіне еркін кіріп-шығып, өз таңдауын жасауына мүмкіндік береді, – деді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Ауданымызда сайлау үдерісі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жалғасуда.