Шаруашылық ұжымы өз таңдауын жасады

Степное ауылындағы №259 сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-де Мемлекеттік Әнұранмен және байқаушылардың қатысуымен ашылды. Сайлау учаскесі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Құрылтай сайлауында  алғашқы дауыс берушілердің бірі болып ауыл тұрғыны,  Қазақстанның Еңбек Ері, «Степное» ЖШС басшысы Төлеуов Аманғос Сансызбайұлы өз таңдауын жасады.

Ауылдағы №259 сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың қарасы қалың. Ауылдағы ағайынның бұлай белсенділік танытуы тегін емес. Өйткені елдің, ауданның, ауылдың дамуы үшін өтіп жатқан саяси науқанның маңызы зор екенін әрбір тұрғын жақсы біледі. Бүтін бір ұжымның ауызбіршілікпен науқанға атсалысуы, ауыл тұрғындарының да белсенділігі көрініп-ақ тұр.

– Барлығымыз еліміз үшін маңызы зор саяси науқанда өз таңдауымызды жасадық. Еліміз әрі қарай дамуы үшін бұл сайлаудың маңызы зор. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әр қазақстандықтың қатысуы маңызды деп ойлаймын. Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің еңгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Мен де Степное ауылының тұрғыны, қоғамда өз орным бар азамат ретінде сайлауда белсенділік таныттым. Өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Ауыл тұрғындары да кезек-кезек дауыстарын беріп жатыр. Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, ел арасындағы мәселелердің шешілетініне сенемін, – дейді, «Степное» ЖШС басшысы Төлеуов Аманғос Сансызбайұлы.

Иә, расымен барлық ауылда сайлаушылар белсенділік танытуда. Бұл сайлаудың демократиялық, әділ, таза өтуіне күш салып жүрген комиссия мүшелерінің де жұмысы көкейге қонымды.