№571 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ДАУЫС БЕРУ БЕЛСЕНДІ ӨТУДЕ

Аудандық балалар өнер мектебінің ғимаратында орналасқан №571 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 07:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін тұрғындар өз таңдауларын жасауға кірісті.

Келушілер үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Дауыс берушілерге жағымды әуендер ұсынылып, ұлттық тағамдар – бауырсақ пен ақ дәмнен дәм татуға мүмкіндік берілді. Бұл сайлау күнінің мазмұнын айшықтап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.

Алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасаған аудан тұрғыны, зейнеткер Сақтаған Тулебаевқа комиссия төрағасы Динара Дарқанқызы арнайы сый-сияпат табыс етті. Өз кезегінде ақ батасын берген ардагер ел игілігі жолындағы бастамаларға сәттілік тіледі.

       

Комиссия төрағасы Динара Түлекбаеваның айтуынша, дауыс беру белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылған.

– Учаске өз жұмысын уақытында бастады. Дауыс берушілерге қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Комиссия мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, сайлау талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде. Тұрғындардың белсенділігі де жоғары, – дейді ол.
Таңғы уақыттан бастап дауыс беруге келген тұрғындардың белсенділігі байқалады. Бұл азаматтардың өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысып жатқанын көрсетеді.