АУДАН ӘКІМІ  ЧЕМПИОНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Өткен аптада аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев Қазақстан чемпионы атанған жас спортшы Ярослав  Олейников пен жүлдегер Шыңғыс Тұрсынбаевты қабылдап, аудан мерейін асқақтатқан жетістіктері үшін Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Аудан басшысы жас спортшылардың табандылығы мен нәтижелі еңбектерін ерекше атап өтіп, алдағы жарыстарда да толағай табыстарға жетулеріне тілектестік білдірді.

Ауданымыздың жас спортшысы Ярослав Олейников киокушинкай-кан каратэден Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының біріншілігінде 25 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, ел чемпионы атанды.  Сондай-ақ, 10–11 жас ерекшелігі бойынша 35 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шыңғыс Тұрсынбаев, Елхан Самуратов және Багдан Нұржанов ІІІ орын иеленіп, аудан спортшыларының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жеті жасында-ақ республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көріну – үлкен еңбектің нәтижесі. Ярослав 2018 жылдың 18 тамызында Бадамша ауылында дүниеге келген. Ол каратэ спортымен төрт жасынан бастап айналыса бастады. Алғашқы жаттықтырушысы Арыстан Мұқан жас спортшының бойына тәртіп пен табандылық қасиеттерін қалыптастырып, бастапқы техникалық дағдыларын шыңдады. Соның нәтижесінде Ярослав алғашқы жарысында-ақ Ақтөбе қаласында өткен ашық турнирде 20 келі салмақ дәрежесінде І орын иеленді.

2024 жылдан бастап жас спортшы жаттығуын Азат Сұлтанкерейдің жетекшілігімен жалғастырып келеді. Бапкердің жүйелі дайындығы мен кәсіби бағыт-бағдарының арқасында ол республикалық жарыстарда тұрақты нәтижелер көрсете бастады. 2025 жылы Атырау қаласында өткен республикалық турнирде ІІІ орын алса, 2026 жылы Ақтөбе қаласында өткен жарыста І орынға қол жеткізді. Сонымен қатар әлем және Еуропа чемпионы Андрей Котов өткізген кумитэ техникасын жетілдіру семинарына қатысып, тәжірибесін толықтырды.

Жүйелі дайындықтың нәтижесінде Қазақстан Республикасының біріншілігінде жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды. Бұл – жас спортшының табанды еңбегінің заңды жемісі.

Бүгінде Ярослав алдағы уақытта әлем чемпионы атануды мақсат етіп отыр.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерҚұрмет