«МЫЛҚАУ АУЫЛ» ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Өткен аптада Әлімбет ауылдық округіне қарасты өңірдің көрікті орындарының бірі – «Мылқау ауыл» демалыс аймағында кең көлемде сенбілік өтті.
Табиғатты аялау – туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Ел көлемінде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы осы игі ұстанымды өмір салтына айналдыруды көздейді.
Аталған бастама аясындағы тазалық шарасы аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өтті. Оның басты мақсаты – табиғи аумақтардың санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру.
Сенбілікке аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары мен қызметкерлері, Әлімбет ауылдық округінің әкімшілігі және белсенді жастар қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті.
Шара барысында аудан әкімі экологиялық акцияның маңыздылығына тоқталып өтті:
– «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Апта сайын өлкемізде, тұрғын үйлер мен мекемелер аумағында және қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өзен-көл жағалаулары мен демалыс орындарын ретке келтіруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бастама 28 наурыздан басталып, 30 мамырға дейін жалғасады. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев мұндай шаралардың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды:
– Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осындай сенбіліктер арқылы жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігі артып, табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысы қалыптасады. «Таза Қазақстан» акциясы – ел болашағы үшін маңызды қадам, – деді ол.
Тазалық жұмыстарына аудан жастары ерекше белсенділік танытты. Олар демалыс аймағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, аумақты ретке келтіруге өз үлестерін қосты. Белсенді жастардың бірі Арман Калменов:
– Табиғат – біздің ортақ байлығымыз. Осындай сенбіліктерге қатысу арқылы туған өлкеміздің көркеюіне үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз. «Мылқау ауыл» – аудан тұрғындары ғана еме с, қонақтар жиі келетін ерекше орын. Сондықтан оның таза әрі көрікті болуы – баршамыз үшін маңызды, – дейді.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанның айтуынша, сенбілік нәтижесінде демалыс аймағы толықтай қоқыстан тазартылып, аумақтың санитарлық жағдайы жақсарды. Бұл жұмыстар тұрғындардың табиғат аясында жайлы демалуына қолайлы мүмкіндік жасайды.
Өңіріміздің табиғи ерекшелігін айқындайтын көрікті орындардың бірі – «Мылқау ауыл» демалыс аймағын таза ұстау – ортақ жауапкершілік. Осындай игі бастамалар арқылы табиғатты қорғау мәдениеті қалыптасып, туған жерге деген жанашырлық нығая түсетіні анық.
Жұлдыз КЕНЖЕ




