ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН НҰРБЕК

Ауыл тіршілігінде әр маманның орны ерекше. Соның ішінде көгілдір отын игілігін көріп отырған елді мекендер үшін электр газбен дәнекерлеуші мамандардың еңбегі айрықша маңызды. Қолынан іс келетін, темірге жан бітірген шеберлер ауылдың өркендеуіне үнсіз болса да сүбелі үлес қосып келеді. Біз сөз еткелі отырған сондай еңбек адамдарының бірі – ауылдасымыз Нұрбек Мырзабекұлы Бердалиев.

Ол 1990 жылы Бадамша ауылында дүниеге келген. Әкесі Мырзабек Бердалиев аудандық өрт сөндіру бөлімінде ұзақ жыл қызмет атқарып, 2015 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ал анасы Ғалия Манайқызы аудандық кеңесте кассир болып еңбек еткен.

Нұрбек 2009 жылы Сақтаған Бәйішев атындағы колледжді қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдағанымен, жастайынан еңбекке араласқан жігіт өз жолын кәсіпкерлікпен байланыстыруды жөн көреді. Алғашында үй жағдайында шағын үстелдер жасап тәжірибе жинақтаған ол уақыт өте келе шеберлігін шыңдай түседі.

2020 жылы электр газбен дәнекерлеуші мамандығын арнайы оқып меңгеріп, 2021 жылы «Шахтбау Қазақстан» ЖШС-да еңбек жолын бастайды. Сол кезден бастап бос уақытында жеке тапсырыстар қабылдап, кәсіби тәжірибесін арттыра береді.

Әрине, кәсіп бастау жолында қаржы тапшылығы да кездескені жасырын емес. Соған қарамастан, табандылық танытқан азамат еңбектен қол үзбеді. 2015 жылы бадамшалық Алтынай Саматқызымен шаңырақ көтеріп, берекелі отбасының тірегіне айналды. Бүгінде олар 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы өнегелі жанұя.

Осылайша, 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасының кәсіпкерлікті қолдау бағыты аясында әлеуметтік осал топ санатына жататын жұмыссыз азамат ретінде грантқа өтінім білдіреді. Нәтижесінде 2025 жылы көпбалалы әке ретінде мемлекет тарапынан 1 572 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Аталған қолдаудың арқасында Нұрбек жеке дәнекерлеу цехын ашып, кәсібінің көкжиегін кеңейтті. Бүгінде ол ауыл тұрғындарына түрлі темір бұйымдар жасап беріп, еңбегі елге кеңінен танылып келеді.

Қазіргі таңда ол ауылдастарына қақпа, жаздық көлеңке, автогараж, сауда үстелдері секілді тұрмысқа қажетті түрлі металл бұйымдарды сапалы әзірлеп береді. Тіпті демалысқа арналған кәуап пен шашлыққа арналған шампурлардан бастап, үй жануарларына арналған үйшіктерге дейін жасап, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүр. Шынында да, «шебердің қолы ортақ» деген осы болса керек.

Кейіпкеріміздің жанындағы сенімді серігі – жары Алтынай да еңбекқор жан. Ол бес баланы тәрбиелеумен қатар Бадамша ауылдық округінде есепшілік қызмет атқарып келеді.

Қарапайым еңбек иесінің маңдай тері – ауыл өмірінің ажырамас бөлігі. Бесаспап дәнекерлеуші Нұрбек тек темірді ғана емес, елдің де берекесін бекемдеп жүрген азаматтардың бірі. Осындай еңбек адамдарының өнегелі ісін насихаттау – біз үшін үлкен міндет.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерКәсіп