Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған торқалы той мыңдаған көрермен куә болған дрондардың таңғажайып шоуымен қорытындыланды

Шараға облыс әкімі Асхат Шахаров пен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты.
Мерейтойдың басты салтанаты «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өтті. Көпшілік керемет кештің куәсі болды. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақыртумен келген эстрада жұлдыздары мен әртістер өнер көрсетті. Аллаберген Жақсыбаев, Дулат және Рита Айтжановтар, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Марат Әйтімов, Әлихан Зейнолла және өзге де өнерлі жерлестеріміз бар. Өнер иелері сахнада көптің жүрегін жаулаған сүйікті әндерін орындады. Ал концерттен бұрын жұлдыздар телекөпір арқылы байланысқа шығып, ақтөбеліктерге жылы лебіздерін арнады.
Көпке танымал әнші Садраддин, қазақ өнерінің аңызға айналған тұлғасы Роза Рымбаеваның ән шырқауы мереке көркін одан әрі қыздырды. Садраддин «Үйге», «Қанша күн?», «Бақыт», «Жауап бар ма?» көпке белгілі хит әндерін орындаса, халық әртісі Роза Рымбаева көрерменнің сүйікті «Любовь настала», «Сол бір кездер», «Шақырады көктем», «Балдәурен» әндерін шырқады. Кеш әншінің орындауындағы батырлықтың нышанын әспеттейтін «Әлия» әнімен қорытындыланды.
Ал Ақтөбе аспанына синхронды түрде көтерілген 550 дана дронның шоуы таңғажайып көріністерді бейнеледі. Көпшілік Әлия Молдағұлова, Димаш Құдайберген, Ақтөбе өңірінің көрікті жерлерін және өзге де визуалды композицияларды тамашалады. Ел байрағы көрсетілгенде, 40 мыңнан аса көрермен Мемлекеттік Гимнді бір мезетте орындады. Жарық шоу лазермен және әсем әуендермен сүйемелденді. Дрондар шоуын Aspan Galaxy ұсынды.
aqtobegazeti.kz