Қамданған қапы қалмайды

Шілде – төрт түлігін өріске шығарып, қыстық азығын қамдаған ауыл еңбеккерлері үшін ең бір қарбалас кезең. Бұл – қыс қамын жаз ойлаған шаруалар үшін шөп шабудың қызған шағы.
«Елде болса, еріңе тиеді» демекші, ауданымыздағы ауылдық округтер мен шаруа қожалықтары да бұл науқанға тыңғылықты дайындықпен белсенді кіріскен. Біз бүгінгі мақаламызда Желтау, Ащылысай және Шәмші ауылдық округтеріндегі шөп шабу жұмыстарының қарқынына тоқталмақпыз.
Желтау ауылдық округінде 16 шаруа қожалығы шөп шабу науқанына толық техникалық дайындықпен қатысуда. Қазіргі таңда округ бойынша 43 трактор, 18 тіркемелі прицеп, 22 шөп шабу агрегаты, 8 шөп буатын пресс және 17 тырма іске қосылған. Жалпы көлемі 3470 гектар шабындықтың 1342 гектары шабылып, 800 тоннадан астам шөп жиналды.
Атап айтқанда, «Айдана» шаруа қожалығы – 100 гектардан 70 тонна, «Алем» – 132 гектардан 150 тонна, «Алла» – 100 гектардан 30 тонна, «Алтын Жер» – 130 гектардан 100 тонна, «Арман» – 150 гектардан 90 тонна, «Динара» – 150 гектардан 90 тонна, «Жарық» – 130 гектардан 100 тонна, «Қызыл Ту» – 70 гектардан 50 тонна, «ТАҢ» – 50 гектардан 30 тонна, «Абыл» – 200 гектардан 60 тонна, «Алма» – 60 гектардан 23 тонна шөп жинады. Желтау – аудан көлемінде ең көп шаруашылық шоғырланған әрі техникалық жабдықталуы жақсы округтердің бірі саналады.
Ал Ащылысай ауылдық округінде 9000 гектарға жуық шабындық жер бар. Мұнда 9 шаруа қожалығы шөп шабуға білек сыбана кіріскен.
Атап айтсақ, «Степной» ЖШС, «Рассвет», «Тамерлан», «Жаманкулов», «Колос», «Белый», «Березка» сынды қожалықтар 26 техникамен еңбекке жұмылдырылған. Округ бойынша 16 тіркемелі техника, 10 шалғы, 9 тырма пайдаланылып, бүгінгі күнге дейін 1000 тоннадан астам шөп дайындалды.
Сондай-ақ, Шәмші ауылдық округінде «Сәт», «Ақжол», «Урожайный», «Пацаев» және «Inter Agro Roog» сынды шаруашылықтар белсенділік танытып отыр. Бұл округте 14 трактор, 8 шалғы және 4 пресс іске қосылған.
Нәтижесінде 161 гектар жердің шөбі шабылып, қожалықтар өнімдерін саудаға да шығара бастады. Мәселен, «Ақжол» шаруа қожалығы салмағы 250 келіден 150 бума, ал «Сәт» қожалығы дәл сондай 300 бума шөпті сату үшін дайындап қойған.
Мамандардың айтуынша, биылғы шөп шабу науқаны ойдағыдай әрі қарқынды жүріп жатыр. Уақытында қамданғанның қыс айларында қамы көңіл жұбатар. Шаруаның шырайы осындай шақта көрінеді. Алдағы уақытта да аудан көлеміндегі науқан барысы жайлы хабардар етіп отыратын боламыз.
Бақыт ИМАШЕВ




