«ЭБИТА» ҚОРЫҒЫ – ӨҢІРІМІЗДІҢ ТАБИҒАТ ҚАЗЫНАСЫ

Табиғат — адамзат баласының тіршілік нәрі, өмір өзегі. Оған қоса жер бетіндегі тіршіліктің талбесігі. Орман-тоғайы, өзен-көлі, аң-құсы мен өсімдігі — барлығы адамзат өмірімен етене байланысты.

Алайда бүгінгі техногенді заманда табиғаттың тылсым тепе-теңдігіне қауіп төніп тұр. Орман алқаптары сиреп, жануарлар саны азайып, экожүйе өзгеріске ұшырауда. Сондықтан табиғи байлықтарды қорғау — әр ұрпақтың қасиетті борышы. Әсіресе сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау, олардың табиғи мекенін қорғау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінде қорықтар мен қаумалдар құрылып, табиғи ортаны сақтау жолында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

          Солардың бірі — біздің ауданымызда орналасқан «Эбита» қорығы. Осы орайда біз өңірімізде орналасқан «Эбита» қорығы, оныңэкологиялық маңызы, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, сонымен қатар табиғатты қорғауда атқарылып жатқан жұмыстар жайындаЕрекше қорғалатын табиғи аймақ (Эбита) аға инспекторы, табиғат жанашыры Жолан Болатовпенсұхбаттасқан едік.

-Жолан Қосайдарұлы, «Эбита» қорығы қашан құрылды, мақсаты қандай сол жайында айтып өтсеңіз?

          –Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ 2010 жылдың 18 ақпанында құрылды. Негізінен қорық бұлан, елік және басқа да сирек кездесетін аң түрлерін қорғау мақсатында ашылған.Қорық атауы оның аумағынан өтетін Эбита өзенінің атымен байланысты. Сонымен қатар, бұл жерде Терекла және Жайық өзендері де ағып өтеді.

-Жалпы қорықтың  ерекшелігі қандай және онда не қорғалады?

– Эбита қорығы — табиғаттың таңғажайып тынысы, экожүйенің алтын арнасы. Ол — болашақ ұрпақ үшін сақталуға тиіс ұлттық байлық, табиғат пен адамзат арасындағы үйлесімді байланыстың айғағы. Оған қоса бұл қорық теңіз деңгейінен 300-400 метр биіктіктегі ұсақ шоқылы жазықпен ерекшеленеді. Ал енді ондағы қорғалатын табиғи байлықтарға тоқталатын болсам, Эбита қаумалы – тек жануарлар ғана емес, сонымен қатар өсімдіктер әлемінің де сирек әрі бағалы түрлерін сақтауға арналған табиғи мекен. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктер мен құстардың бірнеше түрі өсіп-өнеді. Мәселен, бұл жерден дала сұңқары, құмсалғыш, торғай, бүркіт сияқты құстарды көруге болады. Көктем мен жаз мезгілінде қорықтың табиғаты ерекше көркемдікке бөленеді – дала гүлдеп, сан алуан түстерге енеді.

-Сонда бұл жерді туристік мақсатта тамашалауға бола ма?

– Әрине. Қорық аумағында экотуризмге қолайлы жағдай жасалған. Туристерге арнайы бағыттар бойынша саяхат жасауға мүмкіндік беріледі. Олар табиғатты тамашалап қана қоймай, аң-құстарды табиғи мекенінде бақылап, таза ауада демалып қайтады. Экотурлар тек танымдық мақсатпен ғана емес, сонымен бірге табиғатқа деген құрмет пен қамқорлықты насихаттау үшін де ұйымдастырылады. Және ескерте кететін жайт, Эбита қаумалы Қазақстан Республикасының мемлекет тарапынан қорғалатын аумақтарының қатарына жатады. Сол себепті де мұнда заңсыз аңшылыққа қатаң тыйым салынған.

          -Аталмыш аумақты қорғауда қанша маман қызмет жасайды және олар қандай жұмыстар атқарады?

          –Қорықта Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің 6 қызметкері жұмыс жасайды. Атап айтар болсақ, 1 аға инспектор  4 инспектор және 1 аңтанушы маман.  Мамандарымыз аптаның 6 күнінде сонда тексеріс жүргізіп отырады. Әсіресе, аң аулау маусымы ашылған кезде жергілікті учаскелік полиция бөлімінің мамандарымен рейдтер жүргізіледі. Оған қоса шекаралық аймақ болғандықтан, шекарашылармен де бірлесіп жұмыс жасаймыз. Жұмысшыларымыз табиғатты қорғау, орман өрттерінің алдын алу, браконьерлікпен күресу және биотехникалық шараларды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, айта кететін болсам, мекемеміздің Аңтанушысы Алексей Юсип өзінің кәсіби тәжірибесі мен табиғатқа деген сүйіспеншілігі арқылы ерекше қорғалатын аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Сонымен қатар, қыс мезгілінде жабайы аңдардың тіршілігін қолдауға бағытталған шаралар жүзеге асырылады. Яғни, жануарлар үшін қосымша жем-шөп қорын дайындау, тұзақ орнатылуын қадағалау, бақылау бейне камераларын орнату сынды көптеген жұмыстар жүргізіледі. Бұл шаралар популяцияны сақтау мен олардың санын арттыруға септігін тигізеді. Сайып келгенде, бұл шаралар популяцияны сақтап қалуға және олардың санын арттыруға ықпал етеді.

-Қорықты сақтап қалу үшін не істеу қажет? Тұрғындарға айтар кеңесіңіз?

          – Әрине, қорғау керек. Өйткені, табиғатты қорғау – әр азаматтың міндеті екенін ұмытпауымыз керек. Мемлекет қамқорлығындағы бұл қаумал — табиғаттың асыл мұрасы. Оны сақтау – келешек ұрпақ алдындағы борыш. Қорықтар — сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің табиғи ортасын сақтап қалудың кепілі. Егер қорықтағы экожүйенің тепе-теңдігі бұзылса, көптеген түрлер жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан табиғи ортаның бұзылуына жол бермеу  бұл ең басты міндет дер едім. Ал тұрғындарға айтар кеңесім, қорық – бұл біздің табиғи байлығымыздың алтын қоры. Сол байлықты сақтап қалу – әр азаматтың міндеті. Қоқыс тастамаңыздар, өсімдіктер мен жануарларға зиян келтірмеңіздер. Қорыққа кіргенде тәртіп сақтауды ұмытпаңыздар.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерСұхбат