Республика келбеті – жас ұрпақтың көзқарасымен

Еліміздің ертеңі – жігерлі жастардың қолында. Егемен елдің болашағын жарқын ететін де, оны дамудың жаңа сатысына көтеретін де – елжанды жас буын. Сол себепті жастардың пікірін тыңдау, олардың көзқарасын қоғам өміріне енгізу – уақыт талабы.
Осы мақсатта аудандық жастар ресурстық орталығында «Республика болашағы – жастар көзімен» атты мазмұнды, шабытқа толы іс–шара өтті.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов, аудандық қоғамдық кеңес төрайымы Жаңылсын Ысмағұлова, “AMANAT” партиясы аудандық филиалының хатшысы Надежда Заглядова, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары мен белсенді жастар қатысты.
Бұл жиын – тек мереке емес, ел ертеңін айқындайтын жас буынның өз ойы мен көзқарасын ашық білдіретін ерекше алаң болды.
Жастар өз шығармашылығы мен тың идеялары арқылы Қазақстанның жарқын болашағын өз көзқарасымен бейнеледі. Әрбір пікір, әрбір ұсыныс – жаңа дәуірдің, жаңа ұрпақтың үнін жеткізді. Олар үшін Республика – тек ел атауы емес, ол еркіндік, бірлік, даму және арманға жетелер жол.
Айта кетейік, осындай бастамалар жас ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, өз болашағына деген сенімін нығайтады. Сондай-ақ, болашағына сенетін, туған жерін қадірлейтін, елі үшін аянбай еңбек етуге дайын жас буын – мемлекеттің ең үлкен күші.
Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан бұл басқосудың маңызы зор екендігін атап өтті. Өйткені, мұндай шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Оған қоса жас ұрпақтың тың идеясы мен жалынды жігері – ел дамуының қозғаушы күші. Және де мұндай кездесулер – жастардың өзіне деген сенімін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін күшейтеді екен.
Өз елінің болашағына бей жай қарамайтын, ұлт тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, арман мен мақсат жолында талмай ізденетін жастар – Қазақстанның ең басты байлығы.
Республиканың болашағы – жастардың жүрегінде, олардың жарқын ойы мен жалынды еңбегінде!
Жұлдыз КЕНЖЕ





