РУХАНИЯТ ОРДАСЫ –КІТАПХАНА

Кітапхана – адамзат ақыл-ойының, білім мен мәдениеттің сарқылмас қайнар көзі. Ол — тек ақпарат алу орны ғана емес, рухани байлыққа жол ашып, зердені кеңейтетін, жанды ізгілікке жетелейтін мәдени-ағартушылық мекеме. Осындай қасиетті ордалардың бірі – Қарғалы аудандық орталық кітапханасы.

Рухани орда өз жұмысын Бадамша ауылында 1967 жылы бастаған. Қазіргі таңда бұл мекемені тәжірибелі басшы Нұргүл Мысава басқарып келеді.

Кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайту және компьютерлендіру ісі 1992 жылдан бастап қолға алынды. 2005 жылғы 29 қаңтарда кітапханаға «Қарғалы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» атауы берілді. Ал 2019 жылы заманауи талапқа сай коворкинг орталығы ашылып, тұрғындар үшін шығармашылықпен айналысуға және бос уақытты тиімді өткізуге қолайлы мүмкіндік туды.

                                         

2020 жылы кітапханалық жүйе толықтай РАБИС бағдарламасынан WEB–РАБИС нұсқасына көшірілді. Қазіргі таңда кітапхана заманауи техникамен жабдықталып, цифрлық форматқа көшу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 12 кітапхана кіреді: оның ішінде 1 аудандық орталық, 1 аудандық балалар кітапханасы және 10 ауылдық кітапхана тұрақты түрде қызмет атқарады.

2025 жыл бойынша: жалпы кітап қоры – 198 937 дана, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптар саны – 66 728 дана, барлық пайдаланушылар саны – 12 000 адам, оның ішінде 3 000 бала және 2 242 жасөспірім, 2025 жылдың 9 айында берілген кітап саны – 144 404 дана, оның ішінде қазақ тілінде – 85 272 дана, жыл басынан бері түскен жаңа кітаптар – 966 дана, соның ішінде қазақ тілінде – 669 дана, биыл жергілікті бюджеттен 1 386 100 теңге бөлініп, 427 жаңа кітап сатып алынды.

Кітапхана ұжымы оқу мәдениетін дамыту және оқырмандар қызығушылығын арттыру бағытында түрлі жобалар жүзеге асырып келеді.

Олардың қатарында: Шәмші Қалдаяқов ауылдық модельді кітапханасының «Kinomen» жобасы, Әлімбет ауылдық модельді кітапханасының «Үздік оқырман» жобасы, Степной ауылдық модельді кітапханасының «Кітап, бар!» жобасы, аудандық орталық кітапханасының «ОҚЫ-like», «Jad.time», «BiblioArbat» жобалары бар.

Бұл жобалар оқырмандар арасында зор қызығушылыққа ие болып, мәдени-ағартушылық бағыттағы жұмыстардың жандануына үлес қосуда.

Сонымен қатар,  аудандық орталық кітапханасы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Үздік кітап көрмесі» атты  облыстық байқауында ерекше көзге түсіп, «Кітапхана көрмесінің үздік тұсаукесері» номинациясымен марапатталды.

Бүгінгі таңда аудан кітапханашылары – руханияттың алтын қазығын ұстаған, елдің білім мен мәдениет кеңістігін байытып жүрген жандар. Олар оқырмандарын рухани сусындатып, ізгілік пен парасат жолында қажырлы еңбек етуде.

Біз руханият шырақшыларына – кітапханашыларға зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларына амандық, еңбектерінің жемісін көруді тілейміз!

Бақыт ИМАШЕВ