Зияткерлік сайыста – ел болашағының дауысы

Республика күні қарсаңында аудандық жастар ресурстық орталығында «Жас сайлаушылар клубының» қолдауымен оқушылар арасында зияткерлік квиз ойыны өтті.

Бұл шара ел ертеңі саналатын жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталды.

Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, елжандылық сезімін қалыптастыру, сондай-ақ сайлау мәдениетін насихаттау болды.

Ойын барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы, мемлекеттік рәміздер, сайлау жүйесі мен ел тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынға салды.

                 

Зияткерлік дода бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Республикам менің» кезеңінде қатысушылар Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері мен егемен елдің дамуына қатысты сауалдарға жауап берді. Бұл кезеңде оқушылар өз елінің тарихына деген құрметін, мемлекеттің қалыптасу жолына деген қызығушылығын көрсетті. Одан соң «Тарих және тұлға» бөлімінде қазақ халқының өткенінен сыр шертіліп, елдің дамуына үлес қосқан тарихи қайраткерлердің өмірі мен еңбегі туралы сұрақтар қойылды. Қатысушылар ұлт мақтаныштары жайлы білімімен бөлісіп, ел тарихын терең білетінін дәлелдеді. Ал «Ата заңым – айбыным» атты кезеңде оқушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы білімдерін ортаға салды. Бұл бөлім жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ойлы әрі мазмұнды сайыс болды.

Соңғы бейне сұрақтар кезеңі ерекше қызығушылық тудырды. Экран арқылы көрсетілген тарихи және заманауи оқиғаларға байланысты сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беру қатысушылардың тапқырлығы мен жылдам ойлау қабілетін сынады. Ойын барысы жоғары деңгейде өтті. Әр команда бірлік пен ұйымшылдық танытып, өз білімін сенімді қорғады.

Квиз қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен «Алатау» командасы І орынды, «Жігер» командасы ІІ орынды, ал «Жалын» командасы ІІІ орынға қол жеткізді. Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан шара жайында өз пікірін білдірген еді.

– Мұндай зияткерлік ойындар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастырады. Әр жас өз елінің болашағына жауапты екенін сезінуі қажет. Сондықтан құқықтық мәдениет пен патриоттық сана – ұлттың іргетасы, – дейді.

Расында, бұл квиз ойыны – тек білім сынайтын жарыс емес, жастардың ел тарихына, мемлекеттік құрылымға және азаматтық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырған маңызды шара болды.

Жұлдыз КЕНЖЕ