АУДАН МӘДЕНИЕТІНІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ҚОС ҚУАНЫШ

Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «ONER FESTIVAL 2025» конкурс-фестивалінде аудан өнерпаздары зор жетістікке жетіп, ел мерейін асырды.
Өнер мерекесінің сахнасында талантымен дараланған «Ұшқын» халықтық жастар театры жүлделі ІІ орынды, ал әсем қимыл мен сахналық мәдениетті ұштастырған «Наз» халықтық би ансамблі кіші және орта топтар бойынша екі бірдей І орынды қанжығасына байлап, аудан абыройын тағы бір мәрте биіктетті.
Бұл халықаралық фестиваль жыл сайын шығармашыл жастарды біріктіріп, өнер мен шабыттың ұлы мерекесіне айналды. Биылғы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік ұжымдар қатысып, өздерінің ерекше дарыны мен кәсіби шеберлігін көрсетті.
Солардың арасында аудан намысын қорғаған «Ұшқын» халықтық жастар театрының өнері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Сахна мәдениетін, актерлік шеберлікті, орындаушылық үйлесімді тамаша көрсете білген театр ұжымы көрермен ықыласына бөленіп, лайықты түрде жүлделі ІІ орынға ие болды.
Театр жетекшісі Дастан Кульманов — шығармашылыққа сергек көзқараспен қарап, жас таланттардың қабілетін шыңдап жүрген тәжірибелі маман. Оның жетекшілігімен театр жыл сайын жаңа белестерді бағындырып, аудан мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Ал өнер мен үндестіктің әсем үйлесімін паш еткен «Наз» халықтық би ансамблі осы фестивальдің балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық кезеңінде жарқын жеңіске жетті. Кіші және орта топ бишілері мың бұралған қимыл, сахнадағы көркем үйлесім мен жанды энергиясымен ерекшеленіп, екі бірдей І орынды иеленді.
Ансамбль жетекшісі Назым Жанғазы — жас өнерпаздардың бойындағы таланты мен шығармашылық шабытын оятып, сахна мәдениетіне баулып жүрген білікті маман.
Фестивальді Халық шығармашылығы мен мәдени қызметтерін ұйымдастыру орталығы ұйымдастырды. Байқау «Хореография», «Вокал», «Хормен орындау», «Көркем сурет және қолөнер», «Мәнерлеп оқу», «Аспапта ойнау» және «Театр өнері» секілді бірнеше бағытты қамтыды.
Әр жанрда өз шеберлері анықталып, жас өнер иелеріне жаңа серпін мен шығармашылық рух сыйлады.
«Ұшқын» театры мен «Наз» би ансамблінің жеңісі — тек ұжымдардың ғана емес, бүкіл аудан мәдениетінің ортақ жемісі. Бұл жетістік жас өнерпаздарға шабыт беріп, ауданның мәдени өмірін одан әрі жандандыра түсері сөзсіз.
Жұлдыз КЕНЖЕ








