Өнерпаздар елдік рухты асқақтатты

Өткен аптада аудандық балалар өнер мектебінде елдік рух пен патриоттық сезімге толы ерекше шара өтті.
“Елім менің – әнім менің” атты патриоттық ән байқауы 25 қазан – Республика күні мен Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Ән байқауының басты мақсаты – өскелең ұрпақты Отанды сүюге, ел мен жерге адал болуға, батырлық пен елжандылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ жас дарындардың өнеріне қолдау көрсету болды.
Өнер додасына ауданның жалпы білім беру мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарынан өнерге құштар, талантты оқушылар қатысып, сахна төрінде туған елге арналған әсерлі де жалынды әндерін орындады. Әрбір өнерпаз өз жүрегінің үнімен туған жерге деген сүйіспеншілігін жеткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шара аясында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлік жолына арналған көрме ұйымдастырылды. Батыр қыздың қаһармандығын айшықтайтын көрме жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді оятып, ерлікке тағзым етуге мүмкіндік берді.
Әділқазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетін әділ бағалап, ең үздік өнер иелерін анықтады. Нәтижесінде үздік шыққан қатысушылар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
“Елім менің – әнім менің” байқауы жас буынның бойында елдік рух пен ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастырған, мағыналы да әсерлі өнер мерекесіне айналды. Бұл шара – ел болашағының сенімді жастарының өнері мен патриоттық сезімінің жарқын көрінісі болды.
Қарғалы-АҚПАРАТ









