ӨНДІРІСТІҢ БІЛГІР ҰСТАЗЫ

Ауыл шаруашылығы – елдің тіршілігінің негізгі саласы. Жастарды ауыл шаруашылығына бейім, тәжірибелі маман етіп дайындау колледж ұстаздарының үлкен еңбегін қажет етеді.
Осындай жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген дайындаушылардың маманы — Бадамша агро-техникалық колледжінде 20 жылдан аса уақыт бойы өндірістік тәжірибеден өткізу бөлімінің маманы болып еңбек етіп келе жатқан Алия Витковскаяның еңбек жолын сөз етпекпіз.
Алия Витковская 1978 жылы Ресей елінің Орынбор облысына қарасты Добровольск ауылында әкесі Қуандық пен анасы Галия Ситмухамбетовтар отбасында үш баланың ортаншысы болып дүниеге келген. Әкесі Қуандық агроном, мұғалім болып қызмет етсе, анасы ұзақ жылдар бойы аурухананың шаруашылық бөліміне жетекшілік еткен еңбекқор жан.
Өзі туып-өскен жеріндегі Добровольск орта мектебін тәмамдап, 1996 жылы Орск қаласындағы №32 кәсіптік-техникалық училищенің тігіншілік бөлімін бітіргеннен кейін сол жақта аз уақыт мамандығы бойынша қызмет етеді.
Дәм айдаса сөз бар ма? Алия 1998 жылы Қазақстанға туыстарына қыдырып келіп, Құдай қосқан жары Виталиді кезіктіріп, жарасымды отбасы болып, Қазақстанда тұрақтап қалады.
Содан кейінгі жылдары қазіргі еңбек етіп жүрген колледжде 10 айлық аспазшылар курсынан өтіп, үйде кәсіп етіп машықтанып, колледждегі студенттерді де нан, түрлі ұн өнімдерін дайындауға баулыған маман.
2013 жылдан бері студенттерді өндіріске бейімдеу маманы болып, бүгінгі күнге дейін өз білімімен үлесін қосуда. Алия ортада сыйлы, студенттерге құрметті жанның бірі. Еңбегі де елеусіз емес.
Өзі жетекшілік еткен аудандық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанып, дипломдармен оралып келеді. Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ІІІ дәрежелі дипломы, Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлерінің алғыс хаты, 2025 жылы жұмысшы мамандықтарына орай алған Алғыс хаты — адал еңбектің елеулі дәлелі. Сондай-ақ, кезінде Білім министрі болған, қазіргі Парламент депутаты Асхат Аймағамбетовтың алғыс хаты және биылғы жылы аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың алғыс хаты да еңбектің жемісі деуге болады.
Алияның жолдасы Виталий — күзетші маманы, екі қыздың әкесі, отбасының тірегі. Өнегелі отбасында тәрбиеленген үлкен қызы Зульфия — Ақтөбе медициналық академиясының түлегі, отбасылы. Кіші қызы Алина — Орал қаласындағы педагогикалық институттың түлегі, ол да отбасылы.
Жалпы алғанда, айтпағымыз — адал еңбегімен, кәсіби шеберлігімен дараланған маман дайындайтын ұстаздардың ауыл шаруашылығының болашағына қосар үлесі зор.
Бақыт ИМАШЕВ






